Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің, сондай-ақ еліміздің барлық аймақтарынан келген жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау және білім басқармалары басшылары орынбасарларының қатысуымен "Оңалту процестерінің ұйымдастырушылық және технологиялық негіздері" тақырыбында республикалық семинар-кеңес өтті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "Қамқорлық" өңірлік жол карталарын әзірледі. Олардың негізгі мақсаты жергілікті жерлерде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту болып табылады, бұл балалар үшін оңалту қызметтерінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
"Қамқорлық" республикалық жобасы аясында облыстық балалар ауруханалары мен перинаталдық орталықтар базасында оңалту орталықтары мен катамнестикалық кабинеттер, сондай-ақ 8 өңірде инклюзивті кабинеттер ашу қарастырылған. Бұл Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Атырау, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы.
Бұдан басқа, «Қамқорлық» жол карталарына сәйкес ағымдағы жылы әрбір өңірде Алматы қаласының үлгісімен мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру есебінен әлеуметтік оңалту және ерте араласу жекеменшік орталықтарын ашу жоспарлануда.
Мамандардың бағалауы бойынша, өңірлерде жол карталарын іске асыру 2020 жылы оң нәтиже береді.
Семинар-кеңес барысында сондай-ақ білім беру ұйымдарында ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқыту мәселелері, балалардың психофизикалық бұзылыстарын ерте диагностикалау, есту қабілеті бұзылған балалардың есту-сөйлеуін оңалту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды.
Сарапшылар командалық баға негізінде пәнаралық командалар жұмысын және жеке даму бағдарламаларын әзірлеу әдістемесін таныстырды.
Сессиялар мен панельдік пікірталастардан басқа "МБАҚ" және "ӘБЕО" көпсалалы оңалту орталықтарында практикалық сабақтар өтті.
Іс-шараға қатысушылар егде жастағы адамдар үшін белсенді ұзақ өмір сүру орталығына және "Кеңес" орталығына барды.