Алматы қаласында қоғамдық талқылауға шығарылған жобаға сәйкес LRT құрылысы 2027 жылдың сәуірінен 2029 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңге жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
LRT желісі деподан басталады. Депо Алатау ауданының индустриялық аймағында салынбақ. Одан әрі маршрут оңтүстік бағытта Момышұлы көшесімен Төле би көшесіне дейін өтеді. Кейін Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жалғасады. Осы тұстан бағыт солтүстікке бұрылып, Абылай хан даңғылы бойымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін барады. Соңғы аялдама "Райымбек батыр" көлік-ауысым торабы аумағында қарастырылған (автобус, BRT, LRT және метроны біріктіретін мультимодальды хаб).
Желінің құрылыс учаскесі – тығыз салынған, қозғалыс белсенділігі жоғары аумақ арқылы өтетін көлік дәлізі. Маршрут негізінен қолданыстағы көше-жол магистральдары бойымен өтіп, дайын инфрақұрылымға интеграциялану мүмкіндігін көздейді, – деп көрсетілген жобада.
Жобаланған желі – ұзындығы 18,3 км болатын қос жолақты трасса. Жоба аясында 34 трамвай платформасын салу жоспарланған: оның 12-сі аралдық типте (жолақтардың ортасында), ал 22-сі бүйірлік типте болады.
Аялдамалар шамамен бір-бірінен 700 метр қашықтықта орналастырылады. Павильондар жарықтандырумен, электронды таблолармен және құрылғыларды қуаттауға арналған розеткалармен жабдықталады.