Алматы, BAQ.KZ. ҚР Құтқарушылар күнінің 24 жылдығы қарсаңында қызметтік міндетін орындау кезінде қайтыс болған өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ескерткіштеріне салтанатты түрде гүл шоқтары қойылды.
Жиын ТЖД басшысының міндетін атқарушы Ерлан Әлібековтың басшылығымен Алматы қаласының өртке қарсы қызмет гарнизонында бір минут үнсіздікпен қайтыс болған құтқарушыларды еске алумен басталды.Азаматтық қорғаныс ардагерлерінің атынан Алматы қаласы ТЖД ардагерлер Кеңесінің төрағасы Амантай Малғождаров сөз сөйледі.
"Бұл күн зілзала немесе стихиялы апаттар кезінде қиын жағдайда қалған жандарға көмектесуге жанұшыра асығатын нағыз батырлардың мерекесі. Біздің батыл жігіттеріміз төтенше жағдайда қалған жандардың соңғы үміті болып табылады", - деді полковник Амантай Малғождаров.
Алматының барлық өрт сөндіруші қызметі, жедел-құтқару және басқа да бөлімшелері 2019 жылдың басынан бері қарай ТЖ аймағынан 963 адамды алып шыққан, ТЖ кенеттен болған оқиғаларының зардаптарын жою үшін 451 жерге барды, 916 адамның өмірін құтқарды, 796 млн теңгенің материалдық бағалы заттарын сақтап қалған.
Мамандар, төтенше жағдайларды жою қауіпті екенін, соның салдарынан жеке құрам арасында адам шығыны болып тұратынын және адамдарды құтқару үшін өз жанын қиған азаматтық қорғаныс органдары қызметкерлерінің есімі мәңгілік сақталатынын айтады.
Алматының өртке қарсы қызметінің тарихындағы ең ірі зілзала 1989 жылдың 20 мамырында болған сұмдық оқиға. Ол кезде Алматы-ІІ теміржол станциясының кіре беріс жолдарында сұйытылған газ және жиһаз бен бояу тиеген екі тепловоз соқтығысқан. Өртті сөндіру және ТЖ зардаптарын жоюда 9 өрт сөндіруші қызметтік міндетін орындау кезінде көз жұмған.
Алматы гарнизоны 1990 жылдың 3 қаңтарында тағы бір қызметкерінен айрылған. Ішкі қызмет сержанты Балабек Ахмедов қызметтік міндетін орындау кезінде қайтыс болса, 2002 жылы ішкі қызметтің прапорщигі Павел Голядкин Медеу ауданында өрт сөндіру кезінде көз жұмған.
Дәстүр бойынша салтанатты шараның соңы шерулік сапқа және ескерткіштерге гүл шоқтарын қоюға ұласты.