Оқиға Қабанбай батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жол апаты жайлы әлеуметтік желілерде ақпарат тарап, күәгерлер оқиғаның мән-жайын баяндады.
Менің үйімнің алдында қорқынышты апат болды. Үлкен полиция автобусы көлденең келген көлікті ысырып әкетті. Жігіт бағдаршамның сары түсіне қиылыстан өтіп бара жатқанда, автобус уақытынан сәл бұрын қозғала бастаған. Мен көліктегі жігіттің аман қалғанына қуаныштымын, - деді Евгений Мұхамеджанов Facebook парақшасында.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
Бүгін таңғы сағат 07:40-та Қабанбай батыр мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында болған Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының қызметтік көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу басталды. Оқиға салдарынан «Сузуки» көлігінің жүргізушісі зардап шекті. Ол қалалық ауруханалардың біріне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасының басқа да мән-жайлары анықталып жатыр,- деді Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.