Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?

12 Қазан 2023, 15:42
1989
Бөлісу:
Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?
PHOTO
Фото: автордан

Күзгі мезгілде Алматы алуан түрлі түске бөленіп, ерекше түрге енеді. Ағаш жапырақтары алтын түске еніп, айналасына ерекше көрік беріп тұр. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі қаланың көрікті жерлерін оқырмандардың назарына ұсынады.

«Теренкур» - «Шексіздік»

Ең алдымен әлеуметтік желілерде танылған «Теренкур» жаяу жүргіншілер алаңын аралап көруге кеңес береміз. Өз елімізден бөлек, шетелдік туристердің де сүйікті мекеніне айналған бұл жерде көретін қызық жетерлік. Бұл маңайдан бүгінде спортпен айналысатын, кофе ішіп, әңгіме-дүкен құратын адамдарды жиі кездестіруге болады. Жаяу жүргіншілер жолы Керей-Жәнібек хандар көшесінің төмен жағындағы «Теренкур» бағынан бастау алып, әйгілі «Арман» кинотеатрымен аяқталады. Осы жол арқылы жастардың арасында «Шексіздік» деп аталатын сүйікті орнына жетуге болады. Бұл маңайдан күннің батып бара жатқан бейнесі ерекше болып көрінеді. 

Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?

Серкебай тауы

Алматылықтардың көпшілігі біле бермейтін бұл жер Медеуден 20 минуттық жерде орналасқан. Жолшыбай «Арқан саябағындағы» әткеншекке мініп, серуендеп қайтуға мүмкіндік бар. Серкебай тауы теңіз деңгейінен 2170 метрде орналасқан. Қайың ағаштарының көптігінен орманда жүргендей сезінесіз. Бұл жерден әрі қарай Кімасар шыңына шығуға болады. Таудан Іле Алатауының әдемі көрінісін байқай аласыз. Бұл жерге жаз және күз айларында келуге кеңес береміз. 

Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?

Hidepark Almaty

Алматыда көне кезеңді еске түсіретін орын ашылды. Бұл жерде қолөнер жәрмеңкелері орналасқан. Ақшаны осы жердің арнайы валютасына ауыстырасыз. Сондай-ақ, аспан астында тегін фильм көре аласыз. Парктің Instagram-аккаунты әр аптада көрсетілетін фильмдерді жариялап отырады. Оған қоса, паркте түрлі жәрмеңке мен фестиваль өтіп тұрады. Балаларға арналған алаңдары да жайлы. Дегенмен бұндай ауа райында жылы киініп барған дұрыс. Парк әл-Фараби даңғылы, 176А, Жароков көшесінің қиылысында орналасқан. 

Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?

Жамақай көшесіндегі демалыс орны

Алматыда Есентай өзенінің жағасында жаңа демалыс орны пайда болған. Жаңа көпірде суретке түсіп, әдемі кадрлар жасауға болады. Бұл орын қала тұрғындарына демалуға ыңғайлы жасалған. Сондай-ақ, 8 ойын балалар және спорт алаңдары орнатылған. Тұрғындар үшін 10 орындық, 2 модульдік дәретхана орналасқан. Бала-шағаны алып, бірге қыдырып, қаланың күйбең тіршілігінен демалуға таптырмас мекен. Демалыс орны Жамақаев көшесінде орналасқан. 

Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?

Желтоқсан саябағы

Қаланың Түрксіб ауданының бөлігінде орналасқан саябақтың аумағы үлкен. Бұл жерде таза ауамен демалып қана қоймай, түрлі спорт түрімен айналысуға болады. Саябақтан скандинавиялық жүгіріспен, йогамен айналысатын жандарды жиі кездестіресіз. Бұл жерден күзгі Алматының алуан түрлі әдемілігіне көз сала аласыз. Саябақта 13 ойын алаңы – 8 балалар және 7 спорт алаңы, оның ішінде воркаут алаңдары, мини-футбол және стритбол ойын алаңдары, сондай-ақ паркур ойын алаңы бар. Саябақтың басты ерекшелігі - Кіші Алматы өзенінен ағып келген көлшік. Ол жерде үйректерді де көруге болады. Сондай-ақ, Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген суреттер ағаш тақтайшаларға ілініп, кішігірім музей жасалған. Сондай-ақ демалуға, тамақтануға ыңғайлы орындар да бар.

Алматыда күзде қайда серуендеуге болады?
Өзгелердің жаңалығы