Алматыда полиция көлігі жол апатын болдырмау үшін арыққа түсіп кетті. Абай даңғылында болған оқиғада абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Полиция кінәлі жүргізушіні іздестіріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға жол ережесін бұзған жүргізушімен соқтығыспауға тырысқан сәтте орын алған.
Полиция мәліметінше, қызметтік автокөліктің жолын басқа көлік күтпеген жерден кесіп өткен. Жол апатын болдырмау үшін полиция инспекторы көлікті күрт бұрып, нәтижесінде машина жол жиегіне түсіп кеткен.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді.
Алматы қаласында өткен аптада полицияның қызметтік автокөлігі қатысқан жол-көлік оқиғасы орын алды. Қызметтік автокөлікпен бағыт бойынша келе жатқан учаскелік полиция инспекторына басқа көлік құралымен кенеттен кедергі жасалған. Соның салдарынан қызметтік автокөлік соқтығысты болдырмау үшін жол жиегіне түсіп кеткен. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасына себепкер болған жүргізушінің жеке басын анықтап жатыр. Басқа да мән-жайлар анықталуда, – делінген ПД хабарламасында.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары апатты жағдай туғызған жүргізушіні іздестіруде.