Алматы, BAQ.KZ. Алматыда эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша коронавирусты жұқтыратын негізгі орындар анықталды. Тізімде сауда және тамақтану орындары жұқтыру жөнінен көш бастауда.
Бұл туралы Алматы қаласы эпидемиялық-санитарлық бақылау департаменті хабарлады.
Соңғы аптада КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай айтарлықтай нашарлады. 23 шілдеден бастап КВИ-ді тәуліктік тіркеу 1 мыңнан асты.
23 шілдеде – 1080 жағдай, 24 шілдеде – 1191 жағдай, 25 шілдеде – 1219 жағдай анықталды. Осылайша жыл басынан бері КВИ-дің 72 696 жағдайы тіркелді, ал айдың басынан 25 шілдеге дейін – 16 911 жағдайы анықталды.
Өткен аптада алдыңғымен салыстырғанда, КВИ жағдайының тіркелуі 1,2 есеге – 5 483 жағдайдан 6 818 жағдайға дейін өсті, тәуліктік өсім 1,3%-ды құрады. Симптомдық науқастардың үлес салмағының артуы баяулап, 90% деңгейінде қалды.
Соңғы 2 аптадағы жас құрамын талдау бойынша 1 жасқа дейінгі балалардың дерт жұқтыруы 0,3%-ға артып, 2,8%-ды көрсетті (өткен аптада 135 болса, тағы 178 бала қосылды). КВИ дерті 20 мен 40 жас аралығындағы жастар арасында – 38%, 40 пен 59 жас аралығындағы азаматтар арасында – 25% және 60 жастан асқан адамдар арасында – 20% құрайды. Қалған жастағылар адамдар арасында айтарлықтай өзгеріс жоқ.
Халықты жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың – 41% (бұрынғы деңгейде), түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлерінің – 18% (1%-ға өсу), зейнеткерлердің – 17,1% (1%-ға өсу), сондай-ақ оқушылардың – 9% (0,2%-ға төмендеу) және мектеп жасына дейінгі балалардың – 6,3% (бұрынғы деңгейде) КВИ дертін жұқтыруы басым, бұл жалпы санының 91%-дан астамын құрайды, - делінген ақпаратта.Соңғы аптада белгіленген жұқтыру орындары бойынша алдыңғымен салыстырғанда, туыстармен және көршілермен байланыс кезінде КВИ жұқтыру деңгейі 0,2 – 0,4%-ға артты.
Жұқтыру қаупі жоғары орындар бойынша орамішілік азық-түлік емес дүкендерде 0,1%-ға және қоғамдық тамақтану нысандарында, мейрамханалар, кафе мен асханаларда – 0,2%-ға, монша мен сауналарда – 0,4%-ға жұқтыру байқалды.
Соңғы 7 күнде КВИ жұқтырудың негізгі орындары сауда нысандары – 35%, отбасылардағы байланыстар – 19%, қоғамдық көлікте қатынау – 16%, базарлар - 14%, саябақ пен халық демалатын жаяу жүргіншілер көшелері – 3,6% құрады.
КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі штаб Алматы тұрғындарын қазіргі қалыптасқан ахуалға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Карантиндік шектеу мен бетперде режимін қатаң сақтау қажет. Денсаулықты қорғаудың жалғыз жолы – вакцина алу. Осыған байланысты қала тұрғындары белсенді түрде вакцина алып, туыстары мен жақындарын екпе пунктіне ыңғайлы уақытта шақыруы керек, - делінген ақпаратта.Жалпы 1 ақпан мен 26 шілде аралығында I компонентпен 680 722 адам екпе алды. 60 жастан жоғары вакцина алған адам саны 95 813 адамды құрайды. Қалада медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базар мен қаланың СОСО-да 212 вакцина пункті жұмыс істейді. 1 260 адам жұмылдырылған 308 екпе бригадасы жұмыс жасауда.