Алматыда коронавирустың 10 ошағы анықталды

20 Наурыз 2020, 17:27
1741
Бөлісу:
Алматыда коронавирустың 10 ошағы анықталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласы бойынша коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі қалалық штабтың отырысында ағымдағы жылдың 19 наурызында COVID-2019 ошағы аймағында ішкі карантин енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Ағымдағы жылдың 20 наурызындағы жағдай бойынша Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырған 22 жағдай тіркелді. Барлығы зертханалық түрде расталды. Алматы қаласы аумағындағы эпидемиологиялық тексеру нәтижелері бойынша COVID-2019-дың 10 ошағы анықталды:Алмалы ауданы – 3, Медеу – 3, Түрксіб – 2, Жетісу – 1, Алатау ауданында – 1,-делінген хабарламада.

Барлық ошақта індеттің одан әрі таралуының алдын алу мақсатында эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар күшейтілген. Медицина қызметкерлері ошақ аймағында орналасқан барлық тұлғалардың жағдайына мониторинг жүргізуде. 

COVID-19 індетінің тіркелген оқиғаларына және  инфекцияның таралу сипатына қосымша талдау жүргізгеннен кейін және эпидемиологтардың қорытындысын негізге ала отырып, ошақ аймағының шекарасы көппәтерлі  үйдің кіре берісіне  дейін және  тұрғын үй аумағындағы  жекеменшіктегі үйге дейін қысқартылды. Осыған орай үйлер мен пәтерлерді квартал бойынша карантиндеу бойынша бұған дейін қабылданған шешім күшін жояды, - делінген хабарламада.

Жалпы инфекция 1-1,5 метр қашықта тұрған науқас адамның сөйлеуі, түшкіруі мен жөтелі арқылы беріледі. СОVID-2019 індетін жұқтырған адам отбасындағы, жұмыстағы, қоғамдық көлікте, қонақта және басқа да қоғамдық орындарда айналасындағыларды тек тығыз байланыста болу арқылы жұқтыруы мүмкін. COVID-2019 вирусының қоршаған ортада төзімділігі төмен болғандықтан 1 сағаттан артық өмір сүре алмайды. Сол себепті COVID-2019 жұқтырған науқаспен тығыз байланыс орнатпаған үйлер мен пәтерлерді карантинге жабудың қажеті жоқ. Инфекцияның таралуын тоқтату бойынша эпидемияға қарсы шаралар мынандай: індетті жұқтырушыны стационарға оқшаулау, науқаспен байланыста болғанды үй карантиніне жабу, инфекцияның берілу жолы бойынша әркім жеке гигиенаны сақтап, бетперде киюі қажет.

Ошақ аймағында орналасқан үйлердің тұрғындары сыртқа тек қажеттілігі бойынша және медицина мен полиция қызметкерінің бірге барып келуімен жіберіледі. Барлық азық-түлік дүкендері мен дәріханалар күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық жағдайда жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар, аудан әкімдіктері халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуде. Ошақ аймағында орналасқан тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, - делінген хабарламада. 

Бұған дейін Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен коронавирус ошағы аумағындағы тұлғаларға оқшаулау кезеңінде жұмыс орындарының сақталатыны туралы және ауруханалық парақтарды төлеу бойынша ұсыныстар берілді.

Өзгелердің жаңалығы