Алматыдағы экоакцияға 14-35 жас аралығындағы 300-ге жуық ерікті жиналды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Сенбілік еліміздің барлық өңірінде аймақтарды қоқыстан тазарту мақсатында өтіп жатыр.
Бүгін министрліктің бастамасымен Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен акция өтуде. Кеше дәл осы жерді тазалау жөнінде тұрғындардан өтініш келіп түсті. Бұл - Медеу ауданындағы ең көп қоқыс жиналған аймақ. Басты мақсат - жастар мен қала тұрғындарына табиғатты аялап ұстау идеологиясын жеткізу. Мұндай науқандар қаламызда жиі өтіп тұрады. Арнайы осы бағытта жұмыс істейтін экобелсенділер мен еріктілер бар,-деді Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қор директорының міндетін атқарушы Бағдат Анарбаева.
Экология саласындағы белсенділер мен экологтар келіп, қоқысты сұрыптап жинауды түсіндірді.
Акция өтетінін “Қамқор” қорынан естідім. Экологиялық шараларға жиі қатысып тұрамын. Тазалық сақталған жерде ғана табиғатқа зиян келмейді. Қаланы қоқыстан тазалау, оның ішінде қоқысты сұрыптау - өте өзекті экологиялық мәселелердің бірі, - дейді 169 мектептің 10-сынып оқушысы Жансая Құсайынова.