Алматы, BAQ.KZ. Алматыда креативті экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, 2021 жылғы 30 желтоқсанда Алматы қаласы әкімдігінің Креативті индустрия басқармасының қолдауымен «Ruh Entertainment» компаниясы мен Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген PUBG mobile мобильді ойын пәні бойынша «Aр Намыс» атты Қазақстандағы жаңа киберспорттық ұйымның тұсаукесерін өткізді.
Мобильді құрылғылардағы бұл ойын әлемдегі ең танымал ойындардың бірі.
Іс-шара барысында Еуропа және әлем чемпионаттарында еліміздің атынан шығатын танымал киберспортшылардан тұратын команданың бірінші құрамы таныстырылды. Команданың барлық қатысушыларымен кәсіби келісім-шарттарға қол қойылды және оларға ең заманауи гаджеттер берілді. 2018 жылдан бастап киберспорт Қазақстанда ресми спорт түрі ретінде танылғаны белгілі.
Біздің үлкен мақсаттарымыз бар. Халықаралық турнирлерде ең жоғары орындарға ие болу үшін бар күшімізді саламыз. Біздің командамыз үздік ойыншылардан тұрады, - деді жаңа команданың негізін қалаушылардың бірі Қайрат Құдайберген.
Киберспорт бүкіл әлемде қарқынды дамып келеді. Біздің міндетіміз-халықаралық турнирлерде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген жастарымызды қолдау және әлемдік киберспорт картасынан өз орнын алу. Осы мақсатта біз киберспортты перспективалы индустриялардың бірі ретінде Алматының креативті экономикасын дамыту стратегиясына енгіздік. Киберспортқа жүйелі қолдау көрсету және түрлі турнирлерді ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл да Алматыны жастардың креативті қаласы ретінде дәріптейді, - деді Алматы қаласы әкімінің креативті экономика жөніндегі кеңесшісі Эрнар Құрмашев.
Айта кетерлігі, «Алматы-2050» даму Стратегиясына сәйкес қала экономикасында креативті экономиканы дамыту бағытында құрылымдық маневрді жүзеге асыру жоспарланған. Мегаполис стандартты емес ойлау қабілеті бар креативті, талантты және бірегей адамдардға үнемі қолдау көрсететіні, ал заманауи цифрлық құралдардың болуы қала экономикасының өсу серпінін арттыратыны атап өтілді.