Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 5 шілдеде «Қайтарылған құндылықтар» атты көрменің ашылуы өтеді.
Көрмеге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қаржы мониторингі комитетiнің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті заңсыз айналымнан тәркілеген тарихи және мәдени маңызы бар заттар, бейнелеу өнері туындылары мен антиквар бұйымдар қойылады.«Аталған мәдени құндылықтар биыл сот шешімімен мемлекет пайдасына беріліп, комиссияның хаттамалық шешімімен рәсімделгеннен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Қаржы мониторингі комитетiнің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің тікелей бастамасымен музей қорына тапсырылды», - делінген хабарламада.
Көрменің мақсаты – мәдени құндылықтарды халық игілігіне қайтару бойынша құқық қорғау органдары мен музей тарапы атқарған жұмыс нәтижелерімен қала тұрғындары мен қонақтарын таныстыру.
«Көрмеге келушілер Император сарайының сән-салтанаты мен аса жоғары мәртебесін көрсететін К. Фаберже зергерлік үйі шығармаларының жауһарлары – ішінде тосын сыйы бар, гильоширлі суреттер және алмаздармен безендірілген пасха жұмыртқалары, сонымен қатар императрица Елизавета Петровна бейнеленген миниатюра мен бағалы әшекейлер сақтауға арналып табиғи нефриттен жасалған қобдишаны тамашалайды. Сонымен қатар көрме экспозициясының елеулі бөлігіне көне діни кітаптар мен сирек кездесетін кітаптар қойылады. Олардың ішінде қолжазба Құран мен тәпсірлер, Інжіл, Евангелие, сондай-ақ, 1857 жылы иврит және ағылшын тілдерінде басып шығарылған дұғалар жинағы да бар», - делінген хабарламада.
Көрермен назарына Ә. Қастеев, И. Исабаев, С. Айтбаев, Н. Хлудов, Ж. Шәрденов, А. Ғалымбаева, С. Калмыков, сынды белгілі қазақстандық суретшілердің шығармалары, сонымен қатар Герард Дау, Л. Бурэ, Ф. Рубо, Р. Зоммер секілді XVII- XX ғғ. шетел және орыс бейнелеу өнері суретшілерінің туындылары ұсынылады. Олардың қатарындағы голландтық кескіндеме өнерінің Алтын ғасыр шебері әрі Рембрандт ван Рейннің тұңғыш шәкірттерінің бірі Герард Даудың (XVII ғ.) «Скрипкашы» картинасын ерекше екшеп атап өткен жөн. Сонымен қатар көрмеге «Forbes Kazakhstan» журналына жарияланған үздік ондықтағы алты суретшінің жұмысы қойылады.
Сондай-ақ көрмеге «гурда», «шамшир» «ятаган», қанжар сияқты суық қару үлгілері мен қорғаныс жарақтары да қойылады. Сонымен қатар, қару-жарақ жасау ісінің шебері Матья Баркер шамамен 1774-1776 жж. Бирмингемде (Англия) жасап шығарған «Washington and Lee» қос тапаншасы келушілердің зор қызығушылығын тудырары сөзсіз.
Өзгеше безендірілуімен, сипатының әсемдігі және жоғары орындаушылық шеберлігімен ерекшеленетін сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары да көрме экспозициясының көркін келтірмек. Олардың қатарындағы ХІХ ғ. соңына жататын француздың камин сағаты, «окимоно» мүсіншелері, фарфор вазалар, шахмат жинақтары және т.б. келушілердің айрықша назарын аударады. Орталық музей Алматы қаласы тұрғындары мен оңтүстік астана қонақтарын бірегей коллекцияны тамашалауға шақырады. Көрме 2019 жылдың 15 қыркүйегіне дейін жалғасады.