Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев брифинг барысында 419 азаматтың карантиндік оқшаулауда жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шетелден келген адамдар. Олардың барлығы қай елден келгеніне қарамастан, екі күндік карантинге орналастырылған. Келгеннен кейін олардан COVID-19-ға талдаулар алынуда. Нәтиже теріс болған жағдайда олар үйлеріне жіберіледі.
Басқарма басшысы қазіргі уақытта Алматыда коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 73 жағдайы тіркелгенін, оның жетеуі жазылғанын айтты.
Нәтижесінде бүгінгі күні Қалалық жұқпалы аурулар стационарларында COVID-19-дан ем алып жатқан 66 пациент бар. Жаңадан анықталған алты адамның төртеуі байланыста болғандар, бір пациент 19 наурызда Минск – Алматы рейсімен және тағы осы күні Ыстамбул-Алматы рейсімен ұшып келді, - деді ол.
Сондай-ақ, ол емдеуге жатқызылғандардың ішінде 11 жастағы бала бар екенін айтты. Қазір ол қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында әкесімен бірге жатыр.
Қазіргі кезде ауырып жатқандардың жағдайы: 58 науқаста – қанағаттанарлық, 1 ересек науқаста – ауыр, 6 ересек адамда орташа ауырлықта және 1 балада орташа ауырлықта, жағдайы жақсаруда, - деді Тілеухан Әбілдаев.
Алматыда қазір провизорлық орталықтарда 1046 адам бар көрінеді, оның 102-ісі бала. Қаладағы провизорлық орталықтар саны алтыға дейін көбейген. Бұған дейін 4 орталық болған.