Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы қаласының Инновациялық техникалық колледжінде IT мамандықтары бойынша «Үздік педагог» байқауы өтті.
Биыл Қазақстан Республикасы баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздіктің бесігінде тербеліп жатқанына 30 жыл толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында «Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажет, – деп атап өткен еді.
Осы орайда Алматы қаласының Инновациялық техникалық колледжінің бес жылдық мерейтойы еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр екен. Осыған орай колледжде бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Солардың бірі колледж оқытушыларының қатысуымен өткен IT мамандықтары бойынша «Үздік педагог» сайысы.
Аталған колледждің әдіскері Жазира Наутиева байқауға IT саласынан 8 оқытушы қатысқанын айтады.
Бұл сайыстың мақсаты - педагогтердің заманауи білім беру технологиялары мен әдістемелерін пайдалану бойынша тиімді тәжірибелерін тарату және педагогтердің кәсіби, ақпараттық-коммуникациялық құзыреттіліктерін арттыру. Байқау нәтижесі бүгін шығады, онда бас жүлде және 1, 2 және 3 орындар тағайындалған, - дейді ол
Инновациялық техникалық колледж өткізген бұл іс-шара өз жалғасын тауып, сәуір айының 5-10 жұлдызы аралығында Алматы қаласындағы колледж оқытушыларының арасында, яғни қалалық деңгейде өтпек.
Бұл сайыс кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарының озық технологиялармен жұмыс жасайтын педагогтеріне іс-тәжірибелерімен өзара алмасуға жағдай жасауға, сонымен қатар, педагог мәртебесін жоғарылатуға бағытталған іс-шара болмақ, - дейді Жазира Наутиева.