Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтарға арналған үкімет қаладағы ХҚКО алдындағы кезектің не себепті ұлғайғанын түсіндірді.
Аталған мекеме 23 тамыздан бастап қалалық ХҚКО-да азаматтарды міндетті брондаусыз қабылдай бастаған. Электрондық кезек уақытын күтпестен, ХҚКО-ға жүгіну мүмкіндігі келушілер санының күрт өсуіне әсер етіпті.
Енді «Азаматтарға арналған үкімет» клиенттерден шұғыл қажеттілік болмаса, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барудан бас тартуды сұрап отыр. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 645 түрі электронды түрде қолжетімді екен, клиенттер оларды egov.kz порталы, egov mobile мобильді қосымшасы, @kenes1414bot телеграм боты арқылы өз бетінше ала алады.
Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Әділ Қожықов орталыққа келушілер санының бірден өсуіне байланысты қызметкерлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатқандарын айтады.
Біз міндетті брондауды алып тастауға байланысты азаматтардың көптеп келетінін болжаған болатынбыз. Дүйсенбі – міндетті брондау жүйесіне дейін де көлушілер көп келетін қауырт күн болған. Қазір біздің қызметкерлер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Біз бүгін келген қызмет алушылардың барлығына қызмет көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ азаматтарды карантин талаптарын сақтауды сұраймыз. Клиенттердің көпшілігі онлайн түрде алуға болатын қызметтер бойынша келген. Сондықтан азаматтарды мемлекеттік қызметтерді алудың электрондық баламасын пайдалануға шақырамын, – деді ол.
ХҚКО-ға келген азамат Ashyq жүйесі арқылы мәртебені тексеріп барып қана кіре алады.