Алматыда Ұлттық ғылым күніне орай, Сәтпаев университеті мен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы бірлесіп, Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Конференция жұмысына Қазақстан және әлем ғалымдары қатысып, ғылым саласының түйткілді мәселелерін ортаға салды. Конференция жұмысы үш панельді сессия бойынша ұйымдастырылды. Сондай-ақ журналистер заманауи оқу кабинеттерін тамашалады, Ғылым мен техника көрмесін аралады, Минералогия мұражайының бірегей экспонаттарымен танысты.
Бүгінде елімізде қатерлі ісіктерді диагностикалау мен емдеу жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Ғылым саласына елеулі жаңалықтарды әкеліп отырған медцина саласы десек артық айтпағанымыз. Қазіргі таңда әлемдік тәжірибеде диагностиканың инновациялық әдісі – кешенді геномдық профилдеу (КГП) кеңінен қолданылады. Кешенді геномдық профильдеу келесі буынды секвенирлеу әдісімен жүзеге асырылады (NGS). Бұл инновациялық әдіс кейіннен дәл терапияны таңдау үшін науқас ісігінің молекулярлық-генетикалық бейнесін анықтауға мүмкіндік береді, – дейді «ҚазҒЗИОР» АҚ басқарма төрағасы Диляра Кайдарова.
Сондай-ақ конференция қатысушылары виртуалды білім беру технологиялары әлеміне еніп, Алматыдағы алғашқы технологиялық мұражайдың ашылуына куә болады және Қаныш Сәтбаевтың кеңсе-мұражайын аралап, университет ректорымен хош иісті кофе үстінде сұхбаттасуға мүмкіндік алды.
Әлемдегі елдердің бір-бірінен озықтығы жер астындағы қазба байлықтарымен емес, ондағы адам капиталының орташа даму көрсеткішімен анықталады. Демек, Қазақстанда Менделеев кестесінің барлық элементі бар деген әңгіме бірінші кезекте мақтанатын дүние емес. Қазіргі уақытқа дейін біздің қоғамда адамдардың аксессуармен жарысуы басым болып келді. Материалдық жағдайдың көрсеткіші адамның құнын анықтайды. Ендігі кезекте біз ел боламыз десек, басқа нәрсемен, яғни жарысуға тұратын дүниеде жарысуға тиіспіз, – дейді Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Нұрбол Қалдыбеков.
Панелдік сессиядан кейін студенттер мен жас ғалымдар алты негізгі тақырып бойынша секциялық отырыста өздерінің ғылыми жұмыстарын көрсетті. Әлем ғалымдары мен сарапшылары өз тәжірибелері, ғылымдағы өзекті мәселелер тұрғысындағы ой-пікірлерімен бөлісті. Конферения барысында ғалымдар еліміздегі атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді.