Алматы шаһарының Көк-Төбе мәдениет және демалыс саябағында "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Атап айтқанда, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен Ұлттық ғашықтар күніне орай "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" атты сайыс өтіп жатыр.
Бүгін жылда өткізілетін дәстүрлі "Қозы Көрпеш - Баян Сұлу" конкурсы өтуде. Сайысқа қаланың әр ауданынан іріктеліп алынған жұптар қатысады. Барлығы - 8 жұп. Бұрын қаланың өзге көрікті жерлерінде өтсе, биыл бірінші рет Көк-Төбеде ұйымдастырылып отыр. Қазір жастар арасында ұлттық құндылықтарға, ұлттық элементтерге деген сұраныс тенденциясы бар. Сондықтан бұл іс-шара қазақы мейрамды дәріптеу және жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды, - деді Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры Жанар Талғатқызы.
Сайыс нәтижесі бойынша қатысқан жұптар мен іс-шара қонақтарына бағалы сыйлықтар табысталады.
Айта кеткен жөн, 2011 жылы Алматы қаласының әкімдігіне қарасты Жастар саясаты басқармасы 15 сәуірді Ұлттық ғашықтар күні ретінде белгілеп, ресми іс-шаралардың қатарына қосқан болатын. Сол уақыттан бері жер-жерде жастар бұл мерекені түрліше атап өтіп, ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастырып келеді.