Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда еттің келісі 2050 теңгеден сатылатын әлеуметтік дүңгіршектерде сатылым күрт өскен. Қала әкімдігі мұндай дүңгіршектер санын арттырмақ.
Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында әкімінің орынбасары Мақсат Қиқимов шаһардағы сауда орындарда баға тұрақталғанын мәлімдеді.
Осы аптадан бастап қаланың 5 ауданында азық-түлік жәрмеңкелері қайта ұйымдастырылады. Оған жақын маңдағы ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер мен қаладағы азық өндірушілер қатысады. Жақында қаладағы 5 базарда ет сататын әлеуметтік дүңгіршек ашылған. Онда сиырдың төс еті 2050 теңгеден сатылып жатыр, бұл нарықтағы бағадан 13 пайызға төмен. Ет бағасы жеңілдікпен сатылып жатқаны жарияланысымен, оған деген сұраныс артты. Бұрын күніне 1 тонна сатылса, қазір ол 3 тоннаға дейін сатылып жатыр,-деді Қиқимов.
Сондай-ақ ол қаладағы өзге базарлар мен ірі сауда орындары жанынан әлеуметтік дүңгіршектер көптеп ашылатынын жеткізді.
Бұған дейін қаладағы «Орбита», Тастақ», «Арыстан», «Жаңа Ақбұлақ» базарында және «Таусамалы» базарына қарсы беттегі әлеуметтік дүңгіршекте сиыр еті 2050 теңгеден сатылып жатқаны айтылған.