Алматыда Балуан Шолақ спорт сарайында эстетикалық топтық гимнастикадан әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жарыс жылына бір рет өтеді. Бұған дейін әлем біріншілігі Азия құрлығында болмаған. Биыл алғаш рет жалауын көтерді. Сондай-ақ жарыс аясында Төрт құрлық чемпионаты мен Almaty Cup халықаралық турнирі де өтеді. Байрақты бәсекеге 16 елден 52 команда қатысып жатыр. Ересектер мен жасөспірімдер және аралас командалар арасында 8 медаль жиынтығы ойнатылады. Қазақстанның эстетикалық топтық гимнастика федерациясы 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Оның құрамына аккредитациядан өткен 13 спорт федерациясы мен 9 филиал кіреді.
Біздің топтық эстетикалық гимнастиканың аяқ алысы жаман емес. Жылдан жылға жақсарып келеді. Қазір 9 облыста эстетикалық топтық гимнастиканың дамуына жағдай жасалған. Сонымен қатар ауылдық жерде тұратын қыздарға арналған әлеуметтік жоба бар. Ал осы жарыста Қазақстанның атынан 100-ге жуық гимнаст өнер көрсетеді, - деді Эстетикалық топтық гимнастика федерациясының президенті Мәдина Бектұрғанова.