Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шетелдік азаматтар ұйымдастырған есірткі зертханаларын құруға қатысты тергеу жалғасуда. Өткен жылдың соңында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті мен Алматы облысы полиция департаментінің есірткі полицейлері синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған шетелдік азаматтарды ұстады. Содан кейін Алматы қаласына жақын әртүрлі елді мекендерде орналасқан екі жерасты өндірісінің орналасқан жері анықталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыскерлер есірткі синтезін құруды жоспарлаған үй де белгілі болды, - деп атап өтті Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, қылмыскерлер үйді өндіріске толығымен дайындаған.
Арнайы желдету орнатылған, кептіруге арналған сөрелер ілінген, бөлмелердің бірі фольга материалымен қапталған. Прекурсорларды – есірткі өндірілетін химиялық заттарды сақтауға арналған мұздатқыш камералар жабдықталған. Химиялық реактор орнатылыпты, ол бір циклде 50 келіге дейін өлімге әкелетін зат шығарады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері прекурсорлар қоймасын да тапты, қылмыскерлер сол үшін Алматы қаласының жеке секторында орналасқан гаражды жабдықтаған. Онда есірткі зертханасына тасымалдауға дайындалған жалпы көлемі 700 литр болатын химиялық заттары бар 22 ыдыс тәркіленді. Ұйымдастырылған өндіріс ауқымы екі апта сайын 100 келіге дейін есірткі өндіруге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта жедел-тергеу шаралары жалғасуда, - деді ведомство өкілі.
Сонымен қатар аталған факті бойынша полицейлер жұмыс істеп тұрған екі зертхананы және өндіріске толық дайындалған бір зертхананы және прекурсорлары бар қойманы жойғаны белгілі болды.
84 келі синтетика және екі тоннаға жуық прекурсорлар тәркіленді. Ұсталған адамдарға қатысты ұйымдасқан топты құрғаны және оған басшылық жасап, оған қатысқаны және аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізгені үшін санкциямен мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық істер қозғалды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.