Алматы қаласының Медеу ауданында таныс ер адамдар арасында жанжал шығып, оның барысында бір азамат қарсыласына пышақ жарақатын салған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Polisia.kz-тің жазуынша, оқиғадан кейін күдікті бой тасалауға әрекет жасаған. Алайда Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ (ЖҚАЖ) қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің нәтижесінде ол қысқа уақыт ішінде ұсталды.
Алматы қалалық полиция департаменті ЖҚАЖ командирі Азамат Исергужиннің айтуынша, күдікті оқиға орнына жақын аумақта қолға түскен.
Біздің жауынгерлер жедел әрі үйлесімді әрекет етті. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу. Қазіргі уақытта айналадағы адамдар үшін қауіп жоқ, – деді ол.
Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.