5-6 қарашада Алматы қаласы елімізде алғаш рет өтетін семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем Кубогын қабылдайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
SADU Arena спорт кешенінде жарыстың 1-күні жекелей, ертесіне командалық сайыс жеңімпаздары анықталмақ.
Жалпы бәсекеде 10 елдің 50-ден астам атлеті шеберлік байқасады. Оның 22-сі қазақстандық. Мұнда әлем рейтингінде ұпай қорын молайтып алатын жақсы мүмкіндік бар.
Турнир қорытындысы бойынша келесі жылғы Әлем және Азия чемпионатына қатысатын жастар құрамасы жасақталады.
Almaty Jastar Saber Cup-ты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық семсерлесу федерациясы ұйымдастырады. Кездесулер өтетін жаңа құрал-жабдықтың бәрі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен SportQory қамқоршылық қорының қаржысына сатып алынды. Халықаралық семсерлесу федерациясы (FIE) ұйымдастыру жұмысы мен жалпы жарысқа бақылау жасайды.