Әлемдік деңгейдегі поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің 10 тамызда Алматыда өтетін концертіне байланысты қалада дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде: Орталық стадионда трибуналар мен баспалдақтарға ішінара жөндеу жасалып, отырғыштар жаңартылып, жарық жүйесі ауыстырылған. Сонымен қатар, стадион аумағында абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, концерт өтетін күнге дейін шағын құрылыс және санитарлық жұмыстар толығымен аяқталады. Қазірдің өзінде стадионның жарық жүйесі жаңартылып, 50-ден астам прожектор ауыстырылған. Сондай-ақ, залалсыздандыру және тазалық жұмыстары жүргізіліп, әжетханалар мен қоршаулар жаңартылған.
Бұл концерт – Алматы үшін маңызды оқиға. Оның қалай өтетіні қаланың халықаралық имиджіне тікелей әсер етеді, – деді қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Қауіпсіздік күшейтілген режимде қамтамасыз етіледі
Концерт кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 3 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Атап айтқанда:
• 2 240 полицей,
• 600 әскери қызметкер,
• 120 жеке күзет ұйымының қызметкері,
• 300 волонтер жұмылдырылмақ.
Стадион аумағы төрт фан-аймаққа бөлінеді, олардың әрқайсысы 2–3 мың көрерменге арналған. Сонымен қатар, 26 бақылау-өткізу пункті, металл детекторлар мен қол сканерлері орнатылады.
Санитарлық жағдай мен логистика да назарда
Концертке келушілер үшін 100-ге жуық биоәжетхана орнатылады. Жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері кезекшілікке шығады, эвакуация жоспарлары мен дабыл беру жүйелері тексеруден өтті.
Көрермендердің жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін қалада 50 арнайы автобус бағыты ұйымдастырылады. Бағыттар туралы ақпарат LED-экрандар мен арнайы белгілер арқылы көрсетіледі.
Дженнифер Лопестің Алматыдағы концерті — тек мәдени шара ғана емес, сонымен бірге қалалық қызметтердің ұйымдастырушылық қабілеті мен халықаралық деңгейдегі имиджін сынайтын маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.
Еске салсақ, америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес 31 шілдеден 1 тамызға қараған түні Қазақстан астанасына ұшып келді.
Астанада аты әлемге жайылған әнші Джей Ло берген концерт Қазақстанды таңғалдырған ғаламат шоу болды. Аталған концерт жайлы жазған шолуымызды мына жерден оқи аласыз.
Бұған дейін Дженнифер Лопестің Қазақстанда өтетін концертіне қанша турист келетіні туралы да жаздық.
Белгілі болғандай, Jennifer Lopez Астанадағы концерттен соң Ташкентте өнер көрсетеді. Концерт 7 тамыз күні "Бунёдкор" стадионында өтеді.
Содан кейін жаһандық жұлдыз 10 тамызда Алматыда концерт береді. Еліміздің оңтүстік астанасында өтетін Дженнифер Лопестің концерті Қазақстан экономикасына 5 млрд теңге пайда әкеледі деп жоспарланып отыр.
Қазақстанға Дженнифер Лопестен соң іле-шала әлемдік супержұлдыз Шакира келіп концерт қоюы мүмкін. Бұл туралы "Астана Концерттің" продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді.
Сондай-ақ, Дженнифер Лопеске күзетші дүкенге кіруге рұқсат бермеген.
Белгілі болғандай, жуырда Астанада концерт қойған әлемдік мегажұлдыз Дженнифер Лопестің концертінен қазынаға қандай пайда түскені әлі есептеліп жатыр.