Алматыда Ат үстіндегі күрес федерациясының І дүниежүзілік съезі өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Екі күнге созылған кездесу барысында аударыспақ спортының ережелері мен стандарттарын, Федерацияның даму жоспарлары мен іс-шаралары талқыланды.
Әлемнің сегіз елінен келген спорт мамандары Дүниежүзілік халықаралық аударыспақ федерациясын құру туралы шешім қабылдады. Дүниежүзілік халықаралық аударыспақ федерациясының президенті болып Марат Жұман сайланды.
Болашақта аударыспақты түркі елдеріне ғана емес, әлемге танытуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күн - тарихи оқиға. Бұрын-соңды халықаралық федерация болмаған. Бүгін, міне, әлемнің 10 елі қатарымызға қосылды. Жаңа ережелерді бекіттік, жүлдегерлерге берілетін сома нақтыланды. Алдағы төрт жылда атқарылатын жұмыстарды нақтыладық. Айта кетейік, елімізде Аударыспақ федерациясы биыл құрылды. Спортшыларымыз Татарстандағы әлем чемпионатында жүлделі орындардан көрінді. Құрама команда 4 алтын, 1 күміс медаль алып, көш бастады. Келесі ойынды қыркүйекте Қырғызстанда өткізсек деген ойдамыз. Алдағы уақытта бұл спорт түріне қызғушылық танытып, ынта білдіретін жастарымыз көбейеді деген сенімдеміз, - дейді Дүниежүзілік халықаралық аударыспақ федерациясының президенті Марат Жұман.
Елімізде ұлттық спорт түрінен 13 мектеп жұмыс істейді, 8 спорттық клуб бар. Сондай-ақ, жыл сайын жасөспірімдер, жастар, ересектер арасында аударыспақтан чемпионат өтеді.
Мен Түркістан облысы, Төле би ауданының тумасымын. Аударыспақ спортында жүргеніме 15 жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында көптеген жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көріндім. Меніңше, аударыспақ спорты - нағыз ер-азаматтардың жарысы. Білекті, жүректі, ептілікті қажет ететін ойын. Күші мен айласы келіскен балуан жеңіске жетеді. Бұрмалаушылық болмайды. Бізде қуанышты күндер көбейіп жатыр. Жақында Татарстандағы әлем чемионатында 6 спортшы қатысып, 4 алтын, 1 күміс медальды иеленді. Қазақ елінің көк туы көкте желбіреді. Ойын ұлттық арналардан көрсетілді. Жастарымыз көріп, қызғушылық танытты. Қазіргі уақытта аударыспақ спорты жылдан-жылға дамып келеді. Әлемге таныту үшін жарысты көбірек өткізу қажет. Азия, әлем чемпионаттарын ұйымдастыру керек. Осылайша, көрермендері көбейіп, жас балуандарының саны артпақ. Аударыспаққа ат табу қиын. 10 ат болса, соның 2-уі ғана жарайды. Оның ішінде, қазақтың қарабайыр жылқысы шыдамды келеді. Бұл - жылқы мен спортшының бабы шыңдалатын спорт, - дейді споршы Сырым Ізбасаров.
Еске салайық, елімізде аударыспақ спортымен айналысатын 5 мыңға жуық спортшы бар. Бүгінде спортшыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, чемпионаттарға қатысуына мүмкіндік тудырып отыр.
Алматының төрінде ұлттық ат спорты үшін аса маңызды шараға жиналдық. Елімізде Дүниежүзілік халықаралық аударыспақ федерациясы құрылды. Бұл дегеніміз - қазақ халқының қуанышы. Осылайша, ұлттық спортымызды әлемге танытып, ұлттық болмысымызға қызығушылық танытатындардың қатары көбеймек. Келесі жылы Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткізіледі. Мемлекет басшысы да осы ойындарға үлкен мән беру керектігін атап өтті. Осы қарқынмен ұлттық спорт ұлт мақтанышына айналады деген сенімдемін, - дейді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов.
Жиын барысында біріңғай ойын ережері бекітілді. Негіз ретінде Қазақ жеріндегі аударыспақ ойының ережелері алынды. Спортшылардың салмақ дәрежелері қабылданып, болашақта болатын жарыстың күнтізбесі бекітілді. Халықаралық ойындарды әділ өткізу мақсатында міндетті түрде VAR (бейнебақылау) қойылу міндеттелді.