Алматы, BAQ. KZ тілшісі. Алматыда дипломат, арабист, мемлекет және қоғам қайраткері Болатхан Тайжанның 80 жылдығына арналған еске алу жиыны өтті.
Дипломатты еске алу жиынына оның жақындары мен Сыртқы істер министрлігінде көп жылдар бірге жұмыс істеген әріптестері қатыстып, естеліктер айтты. Әсіресе оның сыртқы аренада ел беделін арттыруға қосқан үлесі мен ұлттық мүддемізді ілгерлетудегі еңбектері сөз етілді.
Заңгер, профессор Майдан Сүлейменов дипломатпен көп жыл дос болғанын және оның қазақ халқы үшін еңбек етуге тырысқанын жеткізді.
Болат Тайжанмен көп жыл дос болдық. Ол өте мықты адам еді. Ол Иеменде елшілікте жұмыс істегенде азамат соғысы жүріп жатқан, сондықтан ол совет адамдарын оқтың астымен талай алып жүрді. Оның үстіне алдына мақсат қоя білетін адам еді. Соның бірі ұлттық идея жолы болды және сол бағытта аянбай қызмет етті. Орысы көп Павлодар облысында туып өссе де жүрегі қазақ деп соғатын. Мәскеуде оқып жүргенінде қазақ студенттерінің басын қосып «Жас тұлпар» қозалысын құрғандардың бірі және соның идеологы болды,-дейді профессор.
Сонымен қатар ол Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары Болатхан Тайжан Chevron компаниясымен келіссөз жүргізуде маңызды рөл атқарғанын айтты.