Алматыда дәрігерлер өкпесі 90% зақымданған әйелдің өмірін сақтап қалды

5 Тамыз 2020, 10:11
1262
Бөлісу:
Алматыда дәрігерлер өкпесі 90% зақымданған әйелдің өмірін сақтап қалды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы дәрігерлері пневмониямен ауырған жүкті әйелдің өмірін сақтап қалды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

2 шілде күні Алматы қаласындағы №2 перзентханаға 23 жастағы әйел жүктіліктің  38 аптасында  жоспарлы түрде босану үшін түскен. Болашақ ана перзентханаға келгенде жоғары температура, жөтел және ентігу болған. Динара Серікбол есімді әйел бұны жай ғана тұмау деп ойлаған.

Науқасты тексеру кезінде дәрігерлер COVID-19, екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозын қойған. Сонымен қатар, тексеру барысында науқаста өкпенің 90% зақымдануы анықталды.

Науқас дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, келесі күні Динарада толғақ басталған. Перзентхана дәрігерлерінің командалық жұмысы мен олардың үйлесімді әрекеттерінің арқасында салмағы 3 келіден асатын бала дүниеге келді.

Алайда босанғаннан кейін Динараның жағдайы өте ауыр болды. Себебі Динара 27 күн бойы инвазивті емес өкпені жасанды желдету әдісі арқылы реанимацияда өткізді. Тек 29 шілде күні ғана науқастың жағдайы жақсарып, бейінді бөлімшеге ауыстырылды.
Ақ халатты абзал жан, керемет дәрігер, реанимация бөлімінің жетекшісі – Байболова Гүлнұр Алтайқызына шексіз алғысымды білдіргім келеді және маман ретінде ғана емес, адам ретінде жоғары бағалаймын. Мені осындай дәрігерге жолықтырған үшін тағдырға ризамын. Сондай-ақ, осы №2 перзентхананың барлық медицина қызметкерлеріне науқастарға үлкен жауапкершілікпен және құрметпен қарап, тынымсыз еңбектеріне, сапалы медициналық қызметтері мен қамқорлығы үшін алғыс айтамын. Дәрігерлер маған екінші өмір сыйлады және осы кісілердің арқасында әлі өзім көрмеген дені сау сәби дүниеге келді. Бүгін сәбиімді бірінші рет көріп, құшағыма бастым, – дейді Динара Серікбол.
Науқас COVID-19 симптомдары жоқ,  дені сау нәрестені дүниеге әкелгенін және нәресте перзентханадан екі күннен кейін шығарылғанын атап өткен жөн. Динара нәрстенің есімін Омар қойғанын, қазіргі уақытта ата-енесінің қолында екенін айтты.
Өзгелердің жаңалығы