Алматы қаласы Полиция депертаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек BAQ.KZ тілшісіне интернет-алаяқтықтың қай түрі жиі кездесетінін айтты.
2024 жылы Алматы қаласы бойынша интернет-алаяқтықпен 2275 қылмыстық іс тіркелген.
2025 жылдың қаңтар- ақпан айларында 359 қылмыстық іс тіркелді. Интернет алаяқтықтың жиі кездесетін түрлері: Инвестиция арқылы ақша табуға болады деп шоттарға ақша салыңыз, криптавалюта немесе акция арқылы көбейтеміз деп ақшаны иемденіп алады.
Интернет арқылы тауар сатып алу (көлік бөлшектері, киім- кешек, техника және т.б.)
Банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлеріміз деп алдау арқылы коңырау шалу, кейіннен сізге белгісіз тұлғалар несие алып жатыр деп, ақшаны қауіпсіз шотқа жібереміз деп иемденіп алады, - деді Салтанат Әзірбек.
Полицияның ресми өкілі алаяқтардың алған несиесін зардап шеккен азаматтар төлемеу үшін не істеу қажеттігін де айтып берді.
Тұрғылықты мекен- жай бойынша полицияға арыз жазу керек. Полиция қызметкерлеріне толықтай ақпаратты беру қажет. Несие рәсімдеген мекемеге барып несие алмаған жайлы арыз жазып, қылмыстық іс тіркелгені жайлы қаулының көшірмесін беру керек,- деді ол.
Салтанат Әзірбек адамдардың жеке деректері алаяқтардың қолына қалай тап болатынын атап өтті.
Интернет қолданатын адамның желіде қалдырған ақпаратын бүкіл дүние жүзі көре алады, оның ішінде әр түрлі әлеуметтік желілерде (Фейсбук, Одноклассники, Инстаграмм т.б.) қалдырған ақпарат. Интернет арқылы тауар тапсырыс беру кезінде толық аты- жөні, мекен- жайы, телефон нөмірі қалдырылады. Осы мәліметтер жиналғаннан кейіннен алаяқтар ол мәліметтерді өздеріне қолданалды, - деді ол.