Алматыда білім беру саласында 457 млн теңге қаражат ұрланған

26 Қыркүйек 2023, 12:14
633
Бөлісу:
Алматыда білім беру саласында 457 млн теңге қаражат ұрланған
Фото: Алматы қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 рет мониторинг жүргізілді. Тексеріс бойынша 129 ұсыныс енгізілген, 24 тұлға жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрағасы Арман Рахымов атап өтті.

Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледік. Картада процестердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешім таба алмайтын өзекті мәселелердің тізімі көрсетілген. Осы карта бойынша мониторинг жүргізіліп, әр салаға тексеріс жасадық. Білім беру саласында бюджеттен 457 млн теңгеден астам қаржы ұрланған. Осы бойынша 4 іске қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ 2023 жылға арналған еңбекақы төлеу қорына арналған 734 млн теңге бюджетке қайтарылды. Денсаулық саласында заңсыз төлемдер практикасы тоқтатылды, – дейді Рахымов.

Спикердің айтуынша, экология саласы мен кәсіпкерлік салаларында да жемқорлық әрекеттері анықталған. 

Алматы қаласының экология саласында талдау қорытындысы бойынша қылмыстық жауапкершілікке 2 лауазымды тұлға, тәртіптік жауапкершілікке 4 қызметкер тартылды. Ағаштарды заңсыз кесу, ауаның ластануы анықталды. Бұдан бөлек, инфрақұрылым және жол саласында парақорлығы үшін «Алматыэлектротранс» бас директоры 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ парақорлық үшін 1 млрд теңге сомасында айыппұл салынды. Кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін 3 лауазымды тұлға ӘҚБтК-нің 173-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жеті факт бойынша ӘҚБтК-нің 465-бабы бойынша рұқсат беру тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін 4 адам жауапқа тартылды, 9,2 млрд теңге өтелді, 5,4 млрд теңге сомасына қамауға алынды. Өткен жылы сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін 2,6 млн теңге берілген, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы