Алматы қаласының әр ауданында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» филиалы бар. Орталық егде жастағы азаматтардың уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ. тілшісі.
Орталықтағы тәжірибелі мамандар мен нұсқаушылар 8 бағыт бойынша қызмет түрін көрсетеді. Мәселен, білім беру, психологиялық, медициналық-әлеуметтік іс-шаралардың барлығы өз қызметтерін тегін ұсынады.
Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Сәуле Бекетаеваның айтуынша, бүгінде орталыққа 1037-ден астам зейнеткер тіркелсе, өткен жылы оларға 12323 қызмет түрі көрсетілген.
Бүгінде қала қарттарының уақытын тиімді пайдалану мақсатында қызметтердің 30-дан астам түрі қарастырылған. Меселен, йога, скандинавиялық жүріс, серуендеу, емдік дене шынықтыру, цигун, тайчи, би және т.б. жаттығуларға қатыса алады.
Бұдан бөлек зейнеткерлер орталыққа келіп, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнайды. Сондай-ақ, хор, вокал, қолмен бұйым жасау, гардентерапия сияқты сабақтарға аса қызығушылықпен қатысады.
«Мен қаламызға қарасты Түркісіб, Медеу ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» филалында жұмыс жасаймын. Бастапқыда үлкендермен жұмыс жасау қиындық тудыратын. Бүгінде әр қайсысы менің ата-әжеме айналды. Жастайын жұмыс жасап, бос уақытында мұндай жұмыс жасамаған қарттарымызда бар. Оларға бұл жер таңсық көрінді. Қазір барлығы ұйымдасып күнде таңертең спортпен айналысып, түрлі бұйымдар жасап күндерін көңілді өткізуде. Сондай-ақ, қарттарымызға арналған тіл курстары да бар. Жыл сайын зейнеткерлер арасында спорттық, ойын сауық шараларын ұйымдастырудамыз», – дейді «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызыметкері.
Орталықта қала мұражайларға, саябақтарға, демалыс аймақтарына экскурсиялар жүргізіледі. Зейнеткер демалыс күндерін Шарын шатқалына, Есік қаласындағы «Алтын адам» мұражайына, Ботаникалық баққа саяхат жасауға мүмкіндік алды.
«Зейнетке шыққаныма 10 жылдан астам уақыт болды. Бос уақытымды не істерімді білмейтінмін. Кейінен, көршілерім арқылы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» келдім. Сырлас, сыйлас достар таптым. Таңмен жаттығу жасауға саябаққа жиналамыз. Одан кейін йогамен айналысамыз. Түсте үйімізге қайтып тамақтанып, орталыққа қайта келеміз. Қол өнер бұйымдарын жасаймыз, ағылшын тілінің курсына да қатысамын. Бар білгенімді немерелеріме үйретемін. Кешке үйімізге қайтамыз. Бұндай орталықтың болғаны өте жақсы, барлығы тегін. Қалаған қосымшамызға қатысамыз көңілімізді сергітеміз», – дейді зейнеткер Айғаным Шамшырағова.
Бүгінде, «Алматы жас дәрігерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығымен тығыз байланысып түрлі жобаларды атқарып келе жатқанын атап өтуге болады.