Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, халық санының біршама өсуіне және жаңа аумақтардың қосылуына байланыстыәлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айтарлықтай қиындық туғызуда.
Осы мәселелерді шешу үшін қалада «басқарылатын тапшылық» орта мерзімді саясаты іске асырылатын болды. Жаңа мемлекеттік және жекеменшік білім беру объектілерін салу есебінен орын тапшылығы қысқарады. Мемлекеттік мектептердің бастауыш сыныптарын филиал ретінде тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында орналастыру тетігі қарастырылуда. Осылайша, 2022 жылдың басынан бері 3 316 орындық 54 жекеменшік бала бақша ашылды, осы жылдың соңына дейін тағы 1 460 орындық 17 балабақша, оның ішінде, 560 орындық 2 мемлекеттік балабақша ашылатын болады, - деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар мегаполис басшысы жыл соңына дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 2,4%-ға, мектептердегі оқушы орындарының саны 5%-ға дейін өсетінін алға тартты.
Биыл орта білім беру саласында 13,8 мың орынға есептелген 18 объектіні пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 10 750 орынға 11 жаңа мектеп, 1270 орынға 5 қосымша құрылыс, 1800 орындық 2 ғимаратты сатып алу жоспарланып отыр, - деді Ерболат Досаев.