Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар туралы өткен онлайн брифинг кезінде Алматы қаласы білім басқармасының адамгершілік-рухани тәрбие және өзін-өзі тану бөлімінің басшысы Нұргүл Тау қалада қандай шаралар жоспарланғаны жөнінде сөз қозғады.
1 маусым – халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында Алматы қаласында бірқатар шаралар өтпек. Атап айтқанда, мегаполистегі іс-шаралар легі қалалық қосымша білім беру ұйымдарында Оқушылар сарайы және Балалар үйі базасында балалардың «Біз бақытты баламыз» атты концерттік бағдарламасымен басталады.
Сонымен қатар, «Менің бақытты балалық шағым» тақырыбында балалар өздерінің шығармашылығын жетілдіретін болады. Шығарма сайысында балалар өздерінің бақытқа қатысты көзқарастарын эссе түрінде жазып, байқауға қатысады. Бұл шаралар тек мектептер арасында ғана ұйымдастырылмайды, сондай-ақ, әлеуметтік аз қамтылған балаларды тарта отырып, білім алуға ерекше мүмкіндікді қажет ететін балаларды, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды да қамтитын боламыз. Тағы айта кетерлік бір шара, балаларға балмұздақ таратылады. Аудан әкімінің қатысуымен түрлі концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылады, - деді ол.
Алматы қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Гүлдана Омарова балалардың құқығын қорғау мәселесі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екенін жеткізді.
Департамент мемлекеттік органдармен үкіметтік емес және басқа да ұйымдармен баланың құқығын қорғау, балалардың қадағалау және панасыздығына қарсы іс-қимыл, әлеуметтік жетімдіктің алдын алу және профилактикалық мәселелер бойынша жұмыс жүргізеді. ҚР Білім және ғылым министрлігі жыл сайын 1-12 маусым аралығында «Балалар еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқанын өткізеді. Өтетін іс-шаралар аясында білім беру органдарының өкілдері, полиция қызметкерлері кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту жазаланатынын еске салатын болады, - деді ол.