Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 5 млрд теңге бөлінген

17 Сәуір 2020, 18:18
1517
Бөлісу:
Алматыда азық-түлік бағасын тұрақтандыруға 5 млрд теңге бөлінген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өткен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте айтылды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі – төтенше жағдай кезінде ғана емес, жалпы күн тәртібіндегі маңызды сауалдардың бірі екеніне тоқталған "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ басқармасының төрағасы Асқар Білісбеков бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылып жатқанын мәлімдеді.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының да, қала басшысы Бақытжан Сағынтаевтың да үнемі назарында. Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша айтарлықтай қаражат бөлініп, бағаны тұрақтандыруға қатысты бағдарламаны былтыр бастап кеткенбіз. Желтоқсан айында көкөністің негізгі төрт түріне (қырыққабат, пияз, картоп және сәбіз) бағытталған бағаны тұрақтандыру бағдарламасы басталды. Аталмыш бағдарлама 2020 жылдың сәуір айына (қоса есептегенде) дейін жалғасты. Қазір өнім жеткізушілермен бұл келісімді ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін созу жөнінде келіссөздер жүргізудеміз. Бағдарламаға 1,5 млрд теңге бөлінген, ал, төтенше жағдай кезеңінде 5 млрд теңге бөлінді, - деді басқарма төрағасы.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағдарламасы бірнеше механизмге бағытталған. Соның бірі – азық-түлік интервенциясы арқылы бағаны тұрақтандыру жолы. 
"Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының үш түрі бар. Олар 348 тонна көлеміндегі қарақұмық дәнді-дақылы, 700 мың литр көлеміндегі сұйық май және 1,5 мың тонна көлеміндегі құмшекер. Бүгінде қала басшысының тапсырмасына сәйкес, қарақұмық дәнді-дақылының жетіспеушілігіне байланысты сәуір айының басынан бері азық-түлік интервенциясы жасалды. Оларды өтініш беру жолы арқылы төрт сауда желісі арасында бөлдік, - деді Асқар Білісбеков.

Басқарма төрағасының айтуынша, осындай шаралардың арқасында Алматы қаласында 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 17 позициясы жабылды.
Оның 12-сі бакалея. Бұл позиция "Магнум" сауда орталығы арқылы жабылды. Тағы төртеуі көкөніс позициялары. Бір позицияны жабуда "Ақсай нан" кәсіпорнымен келістік.  Қыркүйек айына дейін "Ақсай нанның" 8 нүктесінде нан бағасы 70 теңгенің көлемінде болады. В және С дүкендерінде 80 теңге көлемінде болса, ірі сауда орталықтарындағы баға 75 теңгенің айналасында болады, - деді ол.
Өзгелердің жаңалығы