Сот процессі Алматы қаласының Алатау аудандық сотының ғимаратында өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда 2023 жылы 23 желтоқсан күні болған автобус апатына күдікті деп танылған Дархан Ахметжановқа қатысты екінші сот процесі Алатау аудандық сотында өтті. Оған қатысты ҚК-нің 293-бабы (бұзақылық) және ҚК-нің 351-бабы (екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ететін ережелерді бұзу) бойынша қылмыстық іс тіркелген болатын.
Сотқа күдіктінің өзінен бөлек қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың туған-туыстары, сондай-ақ №47 автобустың жүргізушісі Ермек Шөкебаева қатысты.
Сот ісіне бірінші куәгер ретінде кірген Миатбек Турабеков оқиға қалай болғанын айтып өтті.
Мен Mazda 626 маркілі көлігіме 3 адамды алдым. Екі әйел адам, біреуі ер. Жолай кетіп бара жатқандықтан ала кетейін деген едім. Екі әйел адам Hyundai орталығының алдында түсіп қалды. Ер адам басқа жерден түсетін болып көлікте қалды. Алдымда ақ Mercedes тұрған, соның артына тоқтадым. Жанымнан қарағанда ештеңе жоқ болған. Сол көліктің артынан жәймен шығып бара жатқаным сол еді, автобустың қай жақтан келгенін білмеймін, мені соғыпты. Ауруханада есімді жидым. Ер адам жолаушылар отыратын артқы орындықта отырды. Оған ешнарсе болған жоқ. Мен ауруханада жатқан кезде ол кісі келіп, халімді сұрап кетті. Соққы сол жақ беттен болды,- дейді Миатбек Турабеков.
Сондай-ақ ол ауруханада жатқан кезде автобус жүргізшісі Ермек Шөкебаеваны көргенін айтты.
Мен 7 ауруханада есімді жидым. 5-ші палатада жаттым. Автобус жүргізушісі 4-ші палатада жатты. Көрші палатада болғандықтан, оны арасында көретінмін. Өзі айтқандай ауыр жағдайда болған жоқ. Телефонмен сөйлесіп, өзі жүріп-тұрды, - деді куәгер.
Сот отырысына №47 автобусқа иелік ететін “ДуманТранс” ЖШС инженері де шақырылды. Ол оқиға кезіндегі автобустың техникалық жағдайы туралы айтты.
Шөкебаеваны танимын. Ол кісі 2023 жылдың қазан айынмен бастап бізде жұмыс істеді. Ол кісі бұған дейін тролейбус жүргізген, еңбек өтіліне қарап жұмысқа алынды. Жұмыс күні басталғанда жүргізушілер медициналық сараптамадан өтеді, құжаттарын қараймыз. Автобусты механиктер тексергеннен кейін жолға шығарады. Бұл оқиғадағы автобустың жағдайы қанағаттандырарлық болды. Өйткені оны автопарк 2023 жылдың тамыз айында сатып алған. Автобустың өзіне 5 камера бар. Екеуі сыртты, біреуі жүргізушінің үстінен, екеуі салонды түсіреді. Камераның аудиоқұрылығы жұмыс істемейді. Істесе де дауыстар анық естілмейді, - деді “ДуманТранс” ЖШС инженері.
Сұрақтарға жауап берген автопарк инженері автобус жүргізушінің құзырына да тоқталып өтті.
Жүргізуші жолаушыларда “Оңай” картасы болмаса, қолма-қол төлеген жағдайда жолақысын қабылдайды. Жалпы хабарландыру құрылғылары арқылы жолақыны талап етуге құқылары бар, - деп атап өтті ол.
Сонымен қатар “ДуманТранс” ЖШС инженері компания автобустарды зауыттан жүргізушіні қорғайтын қоршаусыз күйде сатып алынатынын және оған ешқандай өзгеріс жасай алмайтындарын айтып өтті.
Оның айтуынша, дайын келген қоғамдық көліктерге заңдық тұрғыда жүргізуші үшін қоршау орнатып, өзгеріс жасауға болмайды. Сот процессіне қатысқан зардап шеккен азаматтардың туған-туыстары бұл пікірмен келіспеді.
Келесі сот тыңдалымы 26 наурыз күні өтеді.
Еске салайық, 22 желтоқсан күні кешкісін 47-бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы жүргізуші әйелді ұрып жіберген. Салдарынан ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалған.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды.