Алматыда соңғы үш айда автобус апаттарынан 150-ге тарта жолаушы зардап шеккен. 72 жүргізуші әкімшілік, тағы 100-ге жуығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Ал оның шешімі ретінде әкімдік автобус жүргізушілеріне арналған арнайы курстар ашпақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қалалық ПД жедел басқару орталығының мәліметінше, шаһар көшелеріндегі көлік қозғалысын қадағалайтын 5000 мыңнан астам камера бар мұнда. Олардың айтуынша, былтыр мегаполисте қоғамдық көліктердің қатысуымен 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 557 адам түрлі дене жарақаттарын алып, бір адам апат орнында көз жұмған.
Осы үш айдың нәтижесі бойынша Алматы қаласында 101 жол көлік оқиғасы тіркелді. Оның себебінен 143 адам зардап шекті. Қаза болғандар жоқ. Жыл басынан бері Әкімшілік кодекстің талаптарына сәйкес 72 хаттама толтырылды, - дейді Қалалық ПД баспасөз қызметінің өкілі Еркін Өтегенов.
Қалалық мобильділік басқармасының хабарлауынша, автопарктің немесе қаланың аймағында арнайы мектеп ашу жоспарлануда.
Қазір соған жұмыс істеп жатырмыз. Автопарктің немесе қаланың аймағында сондай бір мектеп ашуға. Қосымша өзінің курсын оқиды. Мысалы, қатаң емес жеңілірек заң бұзған жағдайда оны қайта сол мектепке әкеліп, қайта даярлау курсын өткіземіз. Қалай аялдамада тоқтау мәселесі, сіз байқағандай аялдамаға жетпей немесе асып тоқтайды. Өзінің заңды бұзғанына байланысты сондай әрекет жасасақ деген ниеттеміз, - дейді қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы Азамат Ешанқұл.