Алматының атмосферасына таралған ластаушы заттардың жалпы көлемі 189 мың тоннаға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соның 60 пайызы қаладағы және сырттан кіретін автокөліктердің үлесінде, ал қалған бөлігі өнеркәсіп орындарына, жеке секторға және қатты отын тұтынатын моншалар мен басқа да шағын нысандарға тиесілі. Бұл деректер қаланың атмосфералық ауаны қорғау саласындағы саясатты түбегейлі қайта қарауға және соңғы жылдары қарқын алған реформаларды бастауға негіз болды. Бұл жөнінде Алматының Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері хабарлады.
Жұмыстың жаңа кезеңінің негізгі элементі биыл әзірленіп, қазіргі таңда келісу рәсімінен өтіп жатқан «Алматы қаласының аумағында атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы» қағидалардың жобасына айналды. Бұл құжат тұрғындар мен кәсіпкерлерге экологиялық таза технологияға көшуге және көлік паркін жаңартуға серпін беретін құқықтық алаң қалыптастырады. Сонымен қатар, ауа сапасын бақылаудың заманауи құралдарын дамытуға, техникалық байқау рәсімдерін нақты шығарындыларды ескере отырып жетілдіруге, сондай-ақ жауапкершілік тетіктерін күшейтуге жол ашады.
Жоба жалпы сипатта болғанымен, қаланың атмосфералық ауасын қорғау саласындағы тұтас экологиялық саясатты қалыптастыру үшін аса маңызды негіз болатын ережелерді қамтиды.
Алматыда алғаш рет барлық негізгі ластану көзі толық қамтылып, бұрын отандық тәжірибеде болмаған реттеу тетіктері қалыптасады деп жоспарланып отыр. Қағидалардың басты мақсаты –автокөлік шығарындыларын бақылау, көліктерді экологиялық сыныптарға бөлу, техникалық байқаудың рөлін арттыру, кәсіпорындардың жұмысын реттеу, төмен шығарындылар аймағын құру, бірыңғай мониторинг жүйесін қалыптастыру және қолайсыз метеожағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі сынды алдағы жылдары кезең-кезеңімен енгізілетін нақты шараларға арқау болатын жүйені түзу, - делінген әкімдіктің хабарламасында.
Қағидалар қабылданғаннан кейінгі нәтиже көпқырлы болмақ. Негізгі ластау көзі – автопарк алғаш рет шынайы экологиялық бақылауға алынады: нақты шығарындыларды өлшеу, көліктің экосанатын есепке алу және техникалық байқауды қатаң қадағалау ең көп ластайтын көліктердің қала ішіндегі қатынасын шектеуге және автопаркті біртіндеп жаңартуға ықпал етеді. Мәселен, атмосфераға тарайтын көлік шығарындыларының 84 пайызына дейінін ЕВРО-0 санатындағы көліктер шығарады.
Бұған дейін толыққанды бақылаудан тыс болған III санаттағы кәсіпорындар енді жаңа талаптарды орындауға және тұрақты тексеріліп отыруға міндетті. Бұл олардың ауаны ластаудағы үлесін айтарлықтай азайтады. Төмен шығарындылар аймағын (LEZ) құру қаланың қауіпке бейім аудандарындағы жергілікті ластану ошақтарын жоюға мүмкіндік береді. Ал бірыңғай мониторинг жүйесі ауа сапасын жедел басқаруды қамтамасыз етіп, тұрғындар үшін деректердің ашықтығын қамтамасыз етеді.