Салтанатты іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу қатысты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда Түркия Республикасының 100 жылдығына орай түрік мемлекетінің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішінің салтанатты ашылу өтті.
Алматының төрінде бүкіл қазақ-түрік жұрты үшін үлкен рухани маңызы бар тарихи сәтте бас қосып отырмыз. Мұстафа Кемал Ататүрік бір халықтың ұлы болса да, көп халықтың тағдырына өшпес із қалдырған әлемдік тұлға. Бойында ұлттық рухпен бірге өркениеттің тұтас құндылығын, дәстүрмен бірге мәдениеттің жауһар үлгісін, заманынан озық ілім-білімін жиған ерекше тұлға. Ол жүзеге асырған мәдени, саяси, экономикалық, әлеуметтік реформаларымен заманауи қоғамның құрылуына баға жетпес үлес қосты. Сондықтан Ататүрік бауырлас түрік еліне ғана емес, жақсы жанды жар сала үлгі етіп, ұрпағына өнеге қылатын біздің елімізге де етене жақын да жарқын тұлға. 2023 жылы дәл осы саябаққа түрік халқының көрнекті көшбасшысының есімі берілді. Ал бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия Республикасының 100 жылдығына орай бауырлас елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші қойылды, - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.