Алматыда Астана күніне орай жаңа өнеркәсіп орындары ашылды

6 Шілде 2021, 07:31
2871
Бөлісу:
Алматыда Астана күніне орай жаңа өнеркәсіп орындары ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне орай Алматы қаласының Индустриалды аймағында жаңа үш өнеркәсіп орны ашылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Рахат СК» ЖШС мен «Г.С.Г. Высотник» ЖШС автоклавты газбетон өндіру зауыттары әлеуметтік және коммерциялық тұрғын үйдің ірі құрылыс компанияларын сапалы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Өнімдерді шығаруда мемлекеттік стандарттарға сәйкес жергілікті шикізат қолданылады.

«СК Рахат» ЖШС өндірісінің 1 кезеңінің құрылысына 1,5 млрд теңге инвестиция салынды. Кәсіпорын жылына 180 мың текше метр өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 40 жаңа жұмыс орны ашылады. «Г.С.Г. Высотник» ЖШС инвестиция сомасы 1,7 млрд теңгеден асты. Өндіріс қуаттылығы жылына 100-120 мың текше метрден астам өнім шығарады және 85 жаңа жұмыс орны ашылады.

Астана күніне орай «ADS industries»ЖШС өндіріс паркінің бірінші кезеңі іске қосылды. «ADS industries» ЖШС –  Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасымен «Almaty Business-2025» өңірлік бағдарламасына қатысушысы.

Компания өндірістік парктің құрылысына шамамен 150 млн.теңге инвестиция құйды. Бірінші кезеңде 1, 5 мың ш.м. енгізілді, онда жеңіл, металл өңдеу және жиһаз өнеркәсібін өндіруші шағын және орта кәсіпкерліктің алты субъектісі ашылады. Өндірістік парктің жалпы алаңы 4, 5 мың ш.м. құрайды, онда 160 жаңа жұмыс орны ашылады.

Еске салсақ, осы жылдың бірінші тоқсанында Индустриалды аймақта қуаты жылына 25 000 тоннадан астам өнім шығаратын әрі 80 адамды жұмыспен қамтыған «КМК Investment» ЖШС мыс және алюминий сымын шығаратын зауыт ашылған болатын. Жоба құны – 11,3 млрд теңге.

Осы жылдың соңына дейін Алматы қаласының Индустриалды аймағында 7 өнеркәсіп орнын ашу жоспарланып отыр. Оның жалпы сомасы 37,8 млрд теңгені құрайды және 658 адамды жұмыспен қамтиды.

Бүгінде 16 жоба іске асуда. Олардың жалпы сомасы 78,2 млрд теңгені құрайды, 2,5 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыған.

Айта кетерлігі, Индустриалды аймаққа 211,7 млрд теңгені құрайтын жобалары бар 54 компания кіреді, олар 6,2 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлауда.


Өзгелердің жаңалығы