Алматыда «Әскери керней» іріктеу кезенің байқауы өтті

29 Мамыр 2022, 09:44
1953
Бөлісу:
Алматыда «Әскери керней» іріктеу кезенің байқауы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әрбір күштік құрылымда әскери оркестр деген болады. 

Олар сарбаздарды саппен жүруге үйрету кезінде, әскери салт-жораларды орындаған шақта және салтанатты рәсімдер мен концерттер өткізген кезде жұмылдырылады. Арнайы штаттық құрылымға әскери дирижер жетекшілік етеді. Енді сол оркестрлер үнемі бабында болып, шеберліктерін шыңдап отыруы үшін байқаулар мен жиындардан қалыс қалмаулары керек. Осы мақсатпен Ұлттық ұланның қолбасшылығы әскери оркестрлердің халықаралық деңгейдегі фестивалін өткізуге мұрындық болып келеді. «Әскери керней» деп аталатын байқау бүгінде дәстүрлі шараға айналған.

Осы орайда Оңтүстік аймағындағы әскери бөлімдердің оркестрлері «Әскери керней» іріктеу кезені байқауында бақ сынады.Бұл туралы Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлады.

Байқауға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5571 әскери бөлімі (Алматы қаласы), 6654 әскери бөлімі (Алматы облысы Қаракемер кенті), 5513 әскери бөлімі (Тараз қаласы), 6506 әскери бөлімі (Шымкент қаласы) әскери үрмелі аспаптар оркестрлері өз өнерлерін көрсетті.

Байқау-конкурстың мақсаты - әскери оркестрдің кәсіби деңгейін және әскери музыканттардың орындау шеберлігін жоғарылату.

Байқаудың ашылу салтанатынан соң Алматы, Тараз, Қаракемір және Шымкенттен ат терлетіп келген әскери бөлімнің оркестрлер шығармашылық ұжымы саптық алаңда байқаудың талаптары бойынша өнерлерін ортаға салды.

Саптық алаңдағы іріктеуде әскери оркестрлердің үрлемелі аспапта орындаушылық шеберліктері, композиторлық қабілеттері және саптық көркемдігі ескерілді. Әрине, әскерилердің қолдарындағы үрмелі аспаптарды алып жүрудің өзі оңай емес.  Жанды дауыс пен әуен үйлесіп қана қоймай, саптық жүріс те біркелкі болуы шарт.  Қазылар алқасы осыған мән берді.

Кеше алматылықтар әскери оркестрлердің салтанатты шеруінің куәсі болды.  Алматы қаласының Қабанбай батыр көшесінен бастап, Панфилов көшесінің бойымен Жібек жолы көшесіне дейін музыкалық аспаптарында ойнаған ұландықтар айналасына тамаша көңіл күй сыйлады.

Сондай-ақ, бүгін «Мега-парк» сауда үйінің алаңқайында түрлі жанрдағы композициялар орында жұртшылықты қуанышқа бөлеген болатын.

Аталған саптық концерттің ақтық сынына дейінгі жол қатысушы өнерпаздар ұжымы үшін ұзақ та, әрі оңайға соқпағанын атап өту керек. Сайыстың мәре сынында әр оркестр ұжымы өздерінің кәсіби шеберліктерін, шығарманы үйлесімді орындау өнерлерін, вокалдық және музыкалық қарымды қабілеттерін, сонымен қатар саптық әндерді орындауда көрерменді тәнті етер шеберліктерін барынша көрсетті.

Екі күнге созылған байқауда әскери оркестрлер ұжымы өздерінің танымды да талғамды үздік туындыларын көрсете білді. Нәтижесінде құрамы 15 адамға дейін әскери оркестрлер арасында Тараз қаласынан келген 5513 әскери бөлімінің оркестрі бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қаракемірдегі 6654 әскери бөлімінің оркестрі місе тұтты. Ал құрамы 20 адамға дейін сайыста бірінші орынды жергілікті алматылық 5571 әскери бөлімінің әскери оркестрі жеңіп алды. Екінші жүлделі орынды Шымкенттен келген   6506 әскери бөлімнің оркестрі ие болды.

Концертте біздің қолбасшылықтың оркестрлері өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті. Біз дәстүрлі, заманауи, джаз музыкаларымен қатар, халық әндерін де орындадық, - дейді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 5571 әскери бөлімі әскери оркестрінің дирижері Никита Беляков.

«Әскери керней» байқау-конкурсының жеңімпаздары Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Қолбасшысының атынан диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы