Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Білім беру басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева арнайы брифинг өткізіп, мектептердегі қашықтан оқыту жұмыстары туралы баяндады.
Оның айтуынша, мектепте қашықтан оқыту Алматы қаласы бойынша екі бағытта іске асырылады. Бірінші, интернет желісінде онлайн түрде өткізу. Бұл бағытта ең алдымен компьютерлік жабдықтар қажет көрінеді.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасына сәйкес оқушылар мен мұғалімдерге мектептегі он мыңнан аса ноутбук пен компьютер уақытша қолданылуға берілді. Ал қалған 3 мыңнан астам оқушылар үшін компьютер құрылғылары мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынады. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімдігінің шешімімен тек бір ғана компьютері бар көпбалалы отбасыларға қосымша компьютерлік техникамен қамтамасыз етіледі. Бұл 4 және 5 оқушылары бар отбасыларға қатысты, - дейді ол.
Сонымен қатар, ол қазіргі уақытта үздіксіз интернетпен қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының әкімдігі Kcell, Қазақтелеком, Билайн байланыс операторларымен әртүрлі тарифтік жоспарларды қосуға қатысты жұмыстарды қарастырып жатқанын айтты. Осы байланыс операторлары арқылы 700-ден астам интернет желісіне қосылмаған ұстаздар мен 4 мыңнан астам отбасы тегін интернетке қосылмақ.
Екінші бағыт, бұл телеарналар арқылы оқыту. IV тоқсанның басынан бастап бірінші сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылар үшін аптасына 5 күн "Балапан" және "Ел арна" телеарналарында сабақтар көрсетіледі. Ал Алматы қаласында "Алматы" телеарнасында 9-11 сынып мектеп түлектері үшін бағдарламалық материалды сапалы игеру мақсатында Жаратылыстану, Математикалық бағыттағы сабақтар көрсетіледі. Бұл сабақтар әр күн сайын "Алматы" телеарнасында сағат 11.00-13.00 аралығында эфирге шығып отырады, - дейді басқарма басшысы.
IV тоқсанның басталуына сәтті дайындалу үшін бүгін қаланың барлық мектептерде сынақ сабағы өткізілген.
Бұл сабақтың негізгі мақсаты – жүйенің қалай жұмыс істейтінін білу, олармен байланыс орнатуға, тестілеуге, жүйенің жұмысымен танысуға дайындық. Ертең, 2 сәуір күні ата-аналар жиналысы өтеді. 3 сәуірде оқушыларға сынып сағаттары жүргізіледі. Қашықтан оқуға көшуге байланысты ешбір мектеп мұғалімінің жалақысы қысқартылмайды, - деді ол.