Алматыда архивтанушы Марат Хасанаевтың 75 жылдығына арналған конференция өтті

20 Мамыр 2021, 12:56
1987
Бөлісу:
Алматыда архивтанушы Марат Хасанаевтың 75 жылдығына арналған конференция өтті

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ҚР «Орталық мемлекеттік архив» РММ-нің ұйымдастыруымен архивтанушы, тарихшы-ғалым, қоғам қайраткері Марат Хасанаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Тәуелсіз Қазақстандағы архив ісінің өзекті мәселелері және Марат Хасанаевтың мұрасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынның ашылуында Орталық архивтің директоры Сәбит Шілдебай архивтанушы, ғалымның елдегі архив ісін дамытуға қосқан үлесі жайлы баяндады.

М. Хасанаев – Қазақстан тарихының сан қырлы тақырыптары бойынша, архив ісінің мәселелеріне қатысты 200-ге жуық ғылыми еңбектің, мақалалар мен баяндамалардың авторы, «Культурное строительство в Казахстане (1933-1941 гг.)», «Архивное строительство в Казахской ССР (1918-1980 гг.)» атты және т.б. 20-дан аса архив құжаты мен материалы жинақтарының құрастырушысы.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде М. Хасанаевтың 415 сақтау бірлігінен тұратын жеке архиві сақталған. Жеке архив құжаттары 1935-2004 жылдар аралығын қамтитын қолжазбалардан, өмірбаяндық пен қызметтік құжаттардан, хаттар, мақалалар, сөйлеген сөздері, пікірлері және фотосуреттерден тұрады.

Сондай-ақ жиын барысында Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архивінің Ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы Ғазиза Исахан баяндама жасап, ғалымның атқарған еңбектеріне тоқталды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы, қайта құру заманы халықтың санасына қозғау салды. Сол кезде қоғамда болған демократия мен жариялылық Қазақстанда басуға тыйым салынып келген шығармалардың жарық көруіне, жабық қоймалардың ашылуына, ұлттық салт-дәстүрді қайта қалпына келтіруге игі ықпал етті. 1987 жылдан бастап Наурыз мерекесі тойлана бастады. 1988 жылы А. Байтұрсынов, Ж. Құдайбердіұлы, Аймауытов, кейін Дулатов және басқалары ақталды. 1989 жылы Қазақ тілі қоғамы, Әділет тарихи-ағарту қоғамы құрылды. Сол жылдары ядролық жарысқа қарсы халықаралық «Невада-Семей» қоғамдық-саяси қозғалысы құрылды, одан кейін Балқаш және Арал проблемалары бойынша комитет құрылды. Осындай ұлттық идеялар басымдық танытқан оқиғалардың ортасынан еліміздің Архив ісіне ерекше еңбек сіңірген сол кездегі ҚазКСР, кейін Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің директоры болған Марат Хасанаевты көретінбіз, - дейді ол.

Сонымен қатар ол 1990 жылдары Хасанаевтың үлкен өзгерістер кезеңінде еліміздің бас архивінің басшылық қыметімен қатар Әділет тарихи-ағарту қоғамының саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссиясының белсенді мүшесі болғанын жеткізді.

Оған қоса алапат ашаршылық сырларын ашуға, Алаштықтар мен жазықсыз жапа шеккендердің есімін қайтаруға, оларға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолында еңбек етті. Архивтердегі құпия құжаттардың ашылуына, оларды ғылыми айналымға қосуға күш салды. Кейін еліміз өз алдына жеке мемлекет болып құрылғанда Тәуелсіз елдің архивін дамытуға атсалысып, әлемдегі озық мемлекеттердің архив туралы заңдарын зерделеп, ұлттық архив қоры мен архив заңының алғашқы жобасын жасап, архив ісінде ұлттық терминологияны қалыптастыруға өз үлесін қосты, - дейді Ғазиза Исахан.

Өзгелердің жаңалығы