Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал ушығып тұр. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.
Оның айтуынша, қалада күніне 1,5 мыңға жуық адамнан коронавирус анықталып жатыр.
Бұл жағдай 28 шілдеден бастап сақталуда, 15 тамызда 22 800 жағдай тіркелді. Тамызда 24,3 мың жағдай, жыл басынан бері 105,6 мың жағдай тіркелді. Соңғы аптада «симптомды» науқастар үлесі 93%-дан 94%-ға дейін өскені байқалды, - деді Бекшин.
Сонымен қатар ол Алматы тұрғындарын қауіпті инфекцияға қарсы бірге күресуге шақырды.
Мен әлеуметтік қашықтықты сақтауға, маскаларды дұрыс тағуға және оларды жиі ауыстырып отыруға, сондай-ақ, вакцина алуға шақырамын. Еуропа қалаларында адамдар вакциналардың тапшылығынан кезекке тұруға мәжбүр. Ал Алматыда екпені тіпті сауда орталығының өзінде ақысыз алуға болады. Бірақ бұл мүмкіндікті қала тұрғындарының барлығы бірдей пайдаланбай отыр. Сондықтан жұқтыру бұрынғыдай 20-39 жас аралығындағы алматылықтар арасында - 35,6%, 40-59 жастағылар арасында - 24,2% және 60 жастан асқандар арасында - 23%, барлық жағдайлардың 83%-ын құрайды, - деді ол.
Жандарбек Бекшин 60 жастан асқандардың жұқтыру деңгейінің 1,5%-ға артқаны және олардың ауыр халде жеткізілетінін айта келе, 1 жасқа дейінгі сәбилердің де вирус жұқтырып жатқанын айтты.