Алматыда Альпиниадада мыңнан астам тау әуесқойлары Жастар шыңына көтерілді

Бүгiн, 05:50
188
Бөлісу:
Алматыда Альпиниадада мыңнан астам тау әуесқойлары Жастар шыңына көтерілді
Фото: gov.kz

«Альпиниада-2024» өз мәресіне жетті. 12 мамырда Панфиловшылар шыңына (4120 м), 7 шілдеде Нұрсұлтан (Комсомол) шыңына (4376 м) және 31 тамызда Жастар шыңына (4137 м) көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жаздың соңғы күні Жастар шыңына көтерілуге 1 мыңнан астам адам қатысты. 1Б альпинистік санатындағы маршрут Алматы қаласының Туризм басқармасының қолдауымен, Алматы қаласының Альпинизм федерациясы, Алматы қаласының Альпинизм мектебі және Turclub.kz спорттық туристер қауымдастығының альпинистерінің мұқият дайындығымен өтті.

«Шымбұлақ» тау-шаңғы курортынан Жастар шыңының басына дейін қатысушылар шамамен 10 км жол, 2000 м биіктікті жүріп өтті. Қатысушылардың басым көпшілігі Кіші Алматы шатқалында орналасқан Тұйық-Су мұздығында түнеп шықты.

Альпиниаданың техникалық бөлігі барлық талаптарға сай арқанды қорғау арқылы және толыққанды альпинистік жабдықтармен өтті. Жол бойы альпинизм федерациясының арнайы волонтерлері барлық қатысушыларға көмек көрсетіп отырды. Шыңға 354 қатысушы көтерілді. Олардың қауіпсіздігін 25 альпинист пен Алматы қаласы әкімдігі құтқару қызметінің 15 құтқарушысы қамтамасыз етті.

Биылғы Альпиниадаға ерекше балалар да қатысты, олар үшін маршруттың қолжетімді болуын ескере отырып арнайы тур дайындалды. Инклюзивті топтағы 29 бала ата-аналары және гидтердің еріп жүруімен бірге «Тұйық-Су» альплагерінің жанындағы Қара сарқырамаға дейін жүріп өтті.

«Альпиниада-2024» қорытындысы бойынша үш жаппай көтерілуге үш мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Панфиловшылар шыңына 310 адам, Нұрсұлтан (Комсомол) шыңына 355 адам және Жастар шыңына 354 адам жетті. Эко-турларға 68 ерекше бала қатысты.

Алматы қаласы Альпинизм федерациясының шақыруымен Альпиниаданың құрметті қонағы Францияның бас өкілі Фабрис Нева алғаш рет Жастар шыңын бағындырды. Ол дайындық деңгейінің жоғарылығын және альпинист-волонтерлердің жұмысын ерекше атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы