Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматыда алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылды

29 Тамыз 2025, 22:26
479
Бөлісу:
 Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі
Фото: Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі

Алматыда денсаулық сақтау саласының негізгі қызметтерін біріктіретін заманауи Almaty Digital Medical Center – Қазақстандағы алғашқы Цифрлық медицина орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімге Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Лайла Иманғалиева қатысты.

Орталықтың басты міндеті – денсаулық сақтау көрсеткіштерін үздіксіз бақылап, талдамалық деректерді басқармаға ұсыну. Бұл ақпарат басқарушылық шешім қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Орталықта 1312 бірыңғай байланыс желісі іске қосылды. Оның көмегімен тұрғындардың өтініштері қабылданып, емхана жүктемесі азаяды, ал дәрігерлер пациентке көбірек уақыт бөле алады. Сондай-ақ жоғалған қоңыраулар саны қысқарады.

Жаңа орталықта телемедициналық патронаж және жасанды интеллект негізіндегі дауыс көмекшілері енгізілді. Олар пациенттерді қашықтан бақылауға, онлайн-консультация ұйымдастыруға және тұрғындарды скрининг, вакцинация мен тексеруден өтуге автоматты түрде шақыруға мүмкіндік береді.

Бірінші желіде медициналық білімі бар мамандар, екінші желіде – лицензиясы бар тәжірибелі дәрігерлер жұмыс істейді. Олар кез келген клиникалық мәселені онлайн-режимде жедел шеше алады, – деді орталықтың бас директоры Василий Мясников.

Мамандардың айтуынша, Almaty Digital Medical Center – медицина мен тұрғындар арасындағы жаңа деңгейдегі өзара байланыс, ол көмекті қолжетімді етіп, денсаулық сақтау жүйесінің ресурсын тиімді пайдалануға жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы