Төле би мен Райымбек даңғылдарының бойындағы орман қорына кіретін және кесуге тыйым салынған көшеттерге зақым келтірген күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлеуметтік желілерде ағаштардың жартылай кесіліп, сынып жатқан видеосы тараған еді.
Қазіргі таңда ағаштардың зақымдалуына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Арызданушының айтуынша, тексеру кезінде 36 дана көшеттің зақымдануы және өлуі анықталды, атап айтқанда: каталпа – 15 дана, акация – 7 дана, қарағаш – 14 дана. Осы қылмысты жасады деген күдікпен 27 жастағы жігіт ұсталды, ол бұзақылық мақсатында ағаштарды сындырғанын айтты. Күдікті уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Іс сотқа жіберілетін болады, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Ұлан Әбілқайыр.
Еске салайық, әлеуметтік желі қолданушылары бұзақының 30-дан астам көшетті сындырғандығын айтқаны туралы жазған едік.