Алматыда Африкадан келген әйелден безгек анықталды

Соңғы бес жыл ішінде елімізде 13 рет безгек жұқтыру дерегі тіркелген.

 ҚДСҰО Бүгiн 2026, 20:30
Бүгiн 2026, 20:30
224
Фото: ҚДСҰО

Алматыда 2026 жылдың басынан бері безгектің (малярия) алғашқы жағдайы тіркелді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, қауіпті дерт Африкадан оралған әйел адамнан анықталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Статистика не дейді?

Қазақстанда безгектің «жергілікті» ошақтары жоқ. Алайда дертті сырттан әкелу жағдайлары жиілеп отыр. Соңғы бес жыл ішінде елімізде 13 рет безгек жұқтыру дерегі тіркелген. Олардың басым бөлігі - аурудың ең қауіпті саналатын тропикалық түрі.

Басты қателік неде?

Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі көрсеткендей, ауру жұқтырғандардың барлығы дерлік сапар алдында қарапайым сақтық шарасын сақтамаған. Атап айтқанда:

- Дәрігер кеңесіне жүгінбеген;

- Химиопрофилактикадан (арнайы дәрілерді қабылдау курсынан) өтпеген.

Айта кетейік, безгек - аса қауіпті жұқпалы ауру. Егер емдеу шаралары дер кезінде жасалмаса, ол ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

Саяхатшыларға 5 маңызды кеңес

Егер сіз жақын арада Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия немесе Латын Америкасына баруды жоспарласаңыз, мына ережелерді есте сақтаңыз:

Дәрігерге барыңыз: Сапарға 2 апта қалғанда безгекке қарсы алдын алу емін бастау қажет.

Масадан қорғаныңыз: Репелленттерді пайдаланыңыз, терезелерге тор құрыңыз және кешкі уақытта жабық киім киіңіз.

Таза су мен ас: Тек бөтелкедегі суды ішіңіз, жеміс-жидекті мұқият жуыңыз.

Шомылуға абай болыңыз: Ағынсыз су айдындары мен күріш алқаптарына жақындамаған дұрыс.

Иммунитетке сенбеңіз: Қазақстандықтарда бұл инфекцияға қарсы табиғи иммунитет жоқ, сондықтан ауру өте ауыр өтуі мүмкін.

Егер экзотикалық елден оралған соң дене қызуыңыз көтеріліп, қалтырау пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, қай елде болғаныңызды хабарлаңыз.

Наверх