Алматыда адамдардың қозғалысын бақылайтын цифрлық карта іске қосылды

19 Қазан 2020, 17:27
2183
Бөлісу:
Алматыда адамдардың қозғалысын бақылайтын цифрлық карта іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласында адамдар көп шоғырланған жерді енді цифрлық картадан көріп, жедел жәрдем көлігінің шақыруларға жету мерзімін анықтауға болатын жоба іске қосылды. Бұл туралы бүгін Алматы қаласының аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингінде қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтып берді.

Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау үшін Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы цифрлық жобаларды кіріктіруде. 

Баян Қоңырбаевтың айтуынша, қазіргі күні қалада пандемия кезіндегі адамдардың белсенділігін сараптау мен денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттыру мақсатында екі цифрлық жоба іске қосылды.

Бірінші жоба аясында қалалықтардың көп шоғырланатын жерлерін цифрлық картадан көре алатын боламыз. Шоғырланудың уақыты да көрсетіледі. Қаланың әр квадратындағы адамдардың қозғалысы туралы ақпараттарға орай пандемия кезінде шаралар қолдану мүмкіндігі арта түседі. Жаңа жоба аясында қаланың әр ауданынан жедел жәрдем мен полицияға шалынған қоңырау санын анықтау да мүмкін. Бұл да қауіпсіздік шараларын қай аудандарда күшейту жөнінде хабардар ететін мүмкіндік, - деді ол.

Оның айтуынша, цифрлық картадан қалаға кіріп-шыққан көліктер саны, олардың қай аудандардан келетіні мен қайда бағыт алғаны туралы мониторинг те жүргізіледі. 

Бір айта кетерлігі картадан тек қозғалыс пен жағдай, қоңырау сигналдары көрсетіледі. Жеке адам, көлік, пәтер жайлы мәліметтер алынбайды. Мысалы адамдардың тек периметр бойынша қозғалысын ғана көре аламыз, ал жынысын, кім екенін анықтай алмаймыз, - деді ол.

Ал екінші жоба қаладағы жедел жәрдем көлігінің шақырылған нысанға жету жылдамдығын бақылауға арналған. Сондай-ақ, қаланың қай ауданы жедел жәрдем көлігіне көбірек зәру екендігін анықтауға болады. Осылайша сол аудандардың санитарлық қауіпсіздігі мен қызмет көрсетуді күшейту қарастыралады.

Өзгелердің жаңалығы