Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматыдағы Республика сарайында қазақтың ақыны, ойшылы және композитор Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған поэзия мен музыка кеші өтті.
Салтанатты кешке Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, эссе-кештің мақсаты – Абайдың мол мұрасын насихаттауға ерекше рең беру. Осы орайда поэзия мен музыка кешінде ойшылдың ілімі жаңа сипатта асқақтатылды.
Іс-шарада көрермендерге хәкім Абайдың еңбектері ұсынылды. Хронология бойынша әзірленген эпизодтар поэзия, музыка және хореографиямен үйлесіп, бай мұраның сырын ашты. Кеште көрсетілген оқиғалар желісі Абай пейзаждарының суреттерінде көрініс тапты.
Айта кету керек, кеште көрерменге Абайдың қалыптасу, даму кезеңдері көрсетілді. "Әлем есігі" прологынан бастау алған іс-шара жыл мезгілдеріне арналған өлеңдермен, ал балалардың биі күйдің сүйемелдеуімен орындалды.
Сондай-ақ, сахнада ақындық-музыкалық, хореографиялық қойылымдар, соның ішінде Абайдың махаббат лирикасы, табиғат сұлулығына арналған қойылымдары қойылды. Бұған дейін тек домбырада орындалып келген "Сегіз аяқ" әнін эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Нұржан Жанпейісов, Ерлан Рысқали, Тілек Базаров сынды әншілер орындады.
Бүгінгідей кеште мен бірінші рет отырмын. Өйткені, бұндай бір рухани ләззат алу, сахнаға сүйсініп қарап отыру, ондағы декорация және әншілеріміз, Абай өлеңдері жүрекке үлкен ұя салғандай болды. Осындай концерттер, осындай бас қосар уақыт қашан болады екен деп жүр едім. Айқай-шудан құлағымыз әлі шаңғырып тұр. Бұл терең ойға жетелейтін, ойланбаған адам жоқ. Абай ой мұхитына шомылып шыққандай болдым, – жазушы Дулат Исабеков.
Алғаш рет көрерменге Абай жазған қазақ әдебиетінің алғашқы балладасының әуеніне балет, хореографиялық миниатюра ұсынылды.
Кеш соңында залға жиылған қауым Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін орындады. Сонымен қатар кешке келген көрермендер белсенділік танытып, ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.