Алматы тұрғыны Абай даңғылының Достық пен Назарбаев даңғылдарының арасындағы бөлігінде құрылыс жұмыстары кезінде шаңның шамадан тыс көтерілгеніне шағымданды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай екі күн бұрын да болған, бірақ содан бері ештеңе өзгермеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Тұрғын әлеуметтік желідегі жазбасында құрылыс жүріп жатқан аумақта шаңның қою бұлтқа айналып, көшеде жүрген адамдарға қолайсыздық тудырып жатқанын атап өтті.
Дәл қазір Абай даңғылының Достық пен Назарбаев даңғылдарының арасындағы бөлігінде тағы да осы жағдай қайталанды. Екі күн өтсе де, ештеңе өзгермеген. Көшенің бойын адамдар жүретін жерде денсаулыққа қауіпті шаң басып тұр, – деп жазды ол.
Қала әкімдігі не дейді?
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасына қарасты коммуналдық мемлекеттік мекеме редакцияға берген жауабында құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде шаңды басу талаптарының бұзылуы тіркелгенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, кейбір жағдайларда брусчатка төсемін су қолданбай кесу фактілері анықталған. Осыған байланысты мердігер ұйымға мұндай заңбұзушылықтарға жол бермеу туралы бірнеше рет ескерту жасалған.
Сонымен қатар экологиялық полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесінде кінәлі тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынуда.
Басқарма өкілдері құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру, технологиялық талаптарды сақтау, шаңды басу шараларын қамтамасыз ету және жұмысшылардың әрекетін бақылау мердігер ұйымның міндетіне кіретінін атап өтті. Жұмыс барысында жіберілген заңбұзушылықтар үшін де мердігер жауап береді.
Мердігерге қандай талап қойылды?
Мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарының белгіленген талаптарға сай жүргізілуін бақылауды күшейту тапсырылған. Сондай-ақ брусчатканы кесу кезінде суды міндетті түрде пайдалану және осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу талап етілді.