Бүгін Алматы қаласы маңындағы Проходное шатқалында фотосессия кезінде 9-сынып оқушысы тау өзеніне құлап кетті. Бұл туралы Алматы қалалық құтқару қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға сағат 15:35 шамасында орын алған. 18 оқушы мен сынып жетекшісінен құралған топ Проходная өзенінің маңында суретке түсіп жүрген. Сол сәтте оқушылардың бірі абайсызда тайып кетіп, суға құлаған.
Құтқару қызметінің мамандары жедел түрде іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде сағат 15:56-да оқушы қыз бөгетке дейінгі шамамен 500 метр жерде табылып, судан шығарылды.
Құтқарушылар қызға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем қызметіне тапсырды. Зардап шеккен оқушы есін білетін күйде болған.
Алматы қалалық құтқару қызметі ата-аналар мен мұғалімдерге экскурсия немесе табиғат аясындағы серуендер кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.