Алматыда Қарағанды облысының үш тұрғыны құны 748 мың теңгені құрайтын 17 кәріз люктерін ұрлап кеткен, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған қылмыс бейнекамераларға түсіп қалып, жұртшылыққа мәлім болды. Полицияға тұрғын үй кешені аумағында кәріз қақпағының ұрланғаны туралы хабарлама түскен соң жедел іс-шаралар басталған.
Тергеу-жедел тобы құрылды. Күдіктілер Алматы облысы Талғар ауданында ұсталды. Бұл - 1989 жылы туған К.есімді азамат, 1999 жылғы П.есімді азамат және 1987 жылы туған Р.есімді Қарағанды облысының тұрғындары. Ұсталғандардың айтуынша, олар шойындарды металл қабылдау пунктіне тапсырып, түскен ақшаны өздеріне жұмсамақ болған. Күдіктілер ұрланған мүлікті «Дэу Нексиа» маркалы автокөлігімен тасымалдағаны белгілі болды. Техникалық құдықтардың 17 шойын қақпақтары тәркіленіп, ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс материалдарына айғақ зат ретінде тіркелді, – деді Медеу аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әбдінұр Тасыбаев.
ҚР ҚК-нің 201 бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77 бабы 3-бөлімі, 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады, – деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаменті.