Алматы, BAQ.KZ. Бір апта ішінде Алматыда карантин шараларын бұзғаны үшін 40-қа жуық кәсіпкерлік нысанына айыппұл салынды. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.
Аталған департаменттегі мониторингтік топтың жұмысы барысында 2020 жылғы 7-14 қыркүйек аралығында 39 нысан мен 83 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғаны анықталған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 16 млн 376 мың теңге. Әкімшілік сотқа 1 материал қарауға жіберілген.
Кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі заң бұзушылықтары - дезинфекциялық құралдардың болмауы, жұмыс режимінің, маска режимінің бұзылуы және тағы басқа.
Мысалы, Алматы қаласы Түрксіб ауданының мониторингтік тобының жұмысы барысында "Ламази" мейрамханасында 60 адамға арналған үйлену тойын (құдалық) өткізу заң бұзушылығы анықталды. Осыған ұқсас заң бұзушылық Медеу ауданындағы "Айлина" мейрамханасында тіркелген. Кәсіпкерлердің әрқайсысына қатысты хаттама толтырылып, 230 АЕК көлемінде айыппұл салынды, - делінген хабарламада.17 тамыздан бастап осы уақытқа дейін мониторингтік топтар 9 мыңнан астам тексеріске шыққан. Әкімшілік бұзушылықтар туралы 3 756 хаттама толтырылыпты. Өз еріктерімен 1635 нысан қызметтерін тоқтатса, маска режимін бұзғаны үшін 3366 жеке тұлғаға, оның ішінде Арбат аумағында - 69 адамға айыппұл салынған. Карантин шараларының сақталуын бақылау жөніндегі жеке жұмыс қоғамдық көлікте жүргізіледі, 27 тамыздан бері маска тақпағаны үшін 61 жеке тұлғаға айыппұл салынған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша 26 мониторинг топ карантин шараларының сақталуын бақылау мақсатында жұмыс істеуде. Санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтау коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу үшін маңызды. Мониторингтік топтардың құрамына әкімдіктерінің өкілдері, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, сондай-ақ полиция қызметкерлері кіреді.